Депутат А. Бекенов еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп, ҰҚК тарапынан діни ағымдарға қатысты баға беруін сұрады

АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Бекенов еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық танытып,
None
None

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевқа депутаттық сауал жолдады

. Онда депутат республика өңірлерін дүрліктіріп жатқан діни ағымдардың тудырған жағдайына Үкімет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан талдау жасап, баға беруін сұрады.

«Қазақстандағы негізгі қауіпті құбылыс «уаххабилік» ағымның артынан еріп кетушілердің саны көбейіп, «сәләфи» ағымының кеңінен насихатталуы көңілге қорқыныш ұялатады. Осындай ахуалдың салдарынан еліміздегі жастардың бірқатары осы ағымға ере бастаған», дейді депутат. Сонымен бірге, А. Бекенов бұндай ағымға ергендердің сәбилерін тиісті медициналық, дәрігерлік тексеруден өткізуден бас тартып жатқанын, мектеп жасындағы ұлдар мен қыздар арасында музыка тыңдау харам саналып, Ән ұранды тыңдамау, мемлекеттік Туға құрмет көрсетпеу, әскери борышты өтемеу секілді теріс ұғым қалыптасқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, депутаттың сөзіне қарағанда, елімізде соңғы кездері 12-16 жастағы қыз балалардың сабақты тастап кетуі мен ата-анасының рұқсатынсыз неке қию фактілері ұшырасып отыр.

Сонымен қатар, А. Бекенов қазіргі кезде мектеп пен жоғары оқу орындарында, еңбекпен түзету мекемелерінде хизбут тахрир, такфир секілді жалпы уаххабизм идеологиясымен уланғандар өз жұмыстарын кедергісіз ашықтан ашық жүргізіп жатқанына тоқталып, бірқатар мысалдарды алдыға тартты. «Жалпы, діни ахуалға қатысты мәселелер еліміздің барлық аймақтарынан көрініс беріп отыр. Әсіресе, Батыстағы жұрт қатты алаңдауда. Әр түрлі атаумен аталып, «дінсіздерге қарсы әділетті соғыс» бастауды мақсат тұтқан олар, қару-жарақтармен жабдықталып мекемелер мен адамдарды тонап, қоғам мен мемлекетке зиян келтіруде. Діни ахуалды бақылауда ұстау үшін жергілікті органдар жүргізіп жатқан шаралар нәтиже бермеуде. Өйткені, бұл саладағы қызмет заңнамалық тұрғыдан қамтылмаған, яғни дәстүрсіз діни бірлестіктердің кейбір заңсыз әрекеттеріне құқықтық тосқауыл қою мүмкіндігі шектеулі. Ал тек қана насихаттық жұмыстар арқылы қоғамдық сананы реттеу мүмкін емес. Республикамыздағы ислам діні қызметкерлерінің көбінің дүние танымы бір ғана дін айналасында өте тар деңгейде және қазіргі қоғам өміріндегі сұранысқа жауап бере алмауы да жасырын емес. Мешіт имамдары кездесулер кезінде ислам дінінің аумағындағы жалпы адами құндылықтардан басқа мәселелерден аспайды. Сонымен қатар, «Дінтану» пәнін елдік мүдде тұрғысынан тиімді пайдалану мақсатында, мектептердегі дін тану сабақтарына шектеу қойып, оқытатын мамандардың білім деңгейі, көзқарасы мен ұстанымы тұрғысынан сараптама жасап, ең алдымен жоғары білікті ұстаз даярлап барып іске асырған жөн деп есептеймін. Бұдан бөлек, республикалық радио және телеарналарда, радикалдық ағымдар жөнінде нақты хабарлар берілуі қажет. Қазақстанда дін бөлек, мемлекет бөлек, мемлекет дін ісіне араласпайды. Сонда да Президентіміз бүкіл әлем діндерінің басын қосып, татулыққа шақырып жатқан кезде ел өңірлерін дүрліктіріп жатқан жайға Үкімет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан талдау жасап, баға беруін сұраймын», деді депутат.

Соңғы жаңалықтар