Депутат А. Смайыл ауыл мәдениетін дамытуға қатысты жаңа бағдарлама құру қажет деп есептейді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақыттарда ауыл мәдениеті жанданып, елдің рухани сұранысы арта түскен. Сондай-ақ, ауыл экономикасының біршама нығаюы әлеуметтік және мәдени талаптарды да күшейткен. Көпшіліктің мәдени мұраға, тарихқа және күнделікті баспасөз бен әдебиетке деген ықыласы да өзгерген. «Аудандар мен ауылдық округтардың орталықтарында кітапханалар, мәдениет орындары қалпына келтіріліп жатыр. Бұндай игі өзгерістердің одан әрі өрістеуі үшін тиісті мемлекеттік органдар тарапынан нақты қолдауы қажет. Атап айтқанда, бүгінгі ауыл мәдениетінің жетістігі мен олқылығы жан-жақты зерттелуі тиіс», деді депутат.
Сонымен бірге, А. Смайыл ауылға қатысты біршама мәселенің әлі де өзекті күйінде қалып отырғанын атап өтті. Мәселен, депутаттың айтуынша, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген құнды еңбектер ауыл кітапханасына жетпейді. Яғни, ондай мол мұраның қызығын ауылдық жердегі мыңдаған тұрғын көре алмай отыр. Ал республика бойынша 115 кинозал болса, бұның барлығы қалада, ауылда бірі де жоқ. «Сонымен бірге, ауылға қатысты проблемалар еліміздің барлық өңірлерінде бірдей орын алып, қалыптасып отыр. Сондықтан да, ауыл мәдениетін одан әрі дамыту жөнінде жаңа республикалық бағдарлама әзірлеудің керектігі айқын аңғарылуда», деді депутат.