Депутат ақылы жолдарда қоршау орнатуды ҚазАвтоЖол-ға міндеттеуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елді мекендер арқылы өтетін үлкен жолдарды толығымен жарықпен қамтамасыз ету керек. Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат ақылы жолдарда қоршау орнатуды ҚазАвтоЖол-ға міндеттеуді ұсынды

«Қазіргі таңда еліміздегі жол қоршаулары бойынша жұмыстардың жағдайы нашар. Мысалы кеше ғана Жетісу облысында жолдағы қоршаудың болмауынан мал жолға шығып, жол апатына себеп болды. Өкінішке орай, адам қазасы бар. Мұндай жағдай өте көп», - деді Ф. Қаратаев Мәжілістің жалпы отырысында.

ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болады, соның салдарынан жыл сайын 2 мыңға жуық адам қаза болса, 18 мыңға жуық адам түрлі жарақаттар алған.

«Тағы айта кететін мәселе – жол апатының 75 пайызы инфрақұрылымы төмен, жаяу жүргіншілер жолы жоқ, жарығы жоқ елді мекендерде болады. Жалпы республика бойынша 2 млн погондық метр қажеттілік бар. Бүгінгі таңда, оларды орнату жұмыстары Алматы, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында нашар жүріп жатыр. Жалпы, жаяу жүргіншілер зардап шеккен апаттардың ең көп үлесі Шымкент (102 немесе 47%), Алматы (1 007 немесе 30%), Астана қалаларында (190 немесе 6%), Алматы (505 немесе 15%), Жамбыл (311 немесе 9%), Түркістан (158 немесе 5%), Маңғыстау облыстарында (133 немесе 4%) тіркелген», - дейді депутат.

Сонымен қатар, жол апатына себеп болып отырған тағы бір мәселе – көлік жүргізу тәртібін сақтамау.

«Мысалы көлікті мас күйде айдау, білімнің жетіспеуінен жол ережесін бұзу, көбінесе өздері көлік жүргізіп үйренгендер жол апатына себепкер болып жатады.

Осының салдарынан ата-аналар балаларын мектепке жібергенде жандарын шүберекке түйіп отырады. Еліміздегі барлық ақылы жолдардың жан-жағындағы қоршауларың жоспарға сәйкес орындалуын «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ға міндеттеп, ақылы жолдарда жол апаты болған жағдайда жауапкершілікті қарастыру керек. Елді мекендер арқылы өтетін үлкен жолдарды толығымен жарықпен қамтамасыз етуді, тиісті министрліктер, жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, жоғарыдағы мәселелер бойынша кешенді шешім қабылдауды және оның орындалуын талап етеміз», - деді Ф. Қаратаев.