Депутат «Алтын белгіге» үміткер түлектердің мүддесін қорғау керектігін мәлім етті

АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Рамазан Сәрпеков Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевқа сауал жолдады,

Депутат «Алтын белгіге» үміткер түлектердің мүддесін қорғау керектігін мәлім етті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маусымның 4-і күні басталған ұлттық бірыңғай тестілеу жұмысы - бүгінгі таңда қоғамдағы ерекше назарда тұрған жағдай және үлкен өмір жолына даярланып жүрген мектеп түлектері үшін психологиялық жағынан жауапкершілігі жоғары кезең.

Ал оның ішінде 11 жыл мектепте тек қана үздік оқып, «Алтын белгіге» үміткер болып отырған оқушыға және оған тілеулес болып жүрген ата-анасына, туыстары мен мектеп ұстаздары үшін жауапкершілігі одан да жоғары екені анық.

«Сондықтан да болар, оқушылардың тест тапсыруға деген сенімдерін арттыру мақсатында өзіңіз Алматыда, ал орынбасарыңыз Астана қаласында мектептерді аралап, кездесулер өткізіп, түсінік беріп шықтыңыз. Бұның бәрін ата-аналар да, оқушылар да жақсы қабылдап отыр. Оның үстіне бірыңғай тест тапсыру мәселесі де жетілдіріліп келеді. Көптеген келеңсіз әңгімелердің жойылғанын көпшілігі біліп отыр. Өкінішке қарай, «Алтын белгіге» үміткер бірнеше түлек тестің нәтижесі бойынша, бір-екі балы жетпей қалғандықтан (басым көпшілігі математика пәнінен), көмек болар деген үмітпен апелляциялық комиссияға берген өтініштері қанағаттандырылмай қалып жатыр. Осыған реніш білдірген оқушылар «Онда апелляцияның қажеті қанша?» деп сұрақ қояды. Құрметті Жансейіт Қансейітұлы, «Алтын белгіге» үміткер, бір-екі балы жетпей отырған оқушылардың мүдделерін қорғай отырып, осы мәселенің оң шешілуіне көмек жасауыңызды өтінемін»,- деді министрге сауал жолдаған депутат Р.Сәрпеков.