Депутат Астанадағы ақылы тұрақтарда 30 минут тегін тұру тетігін енгізуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиұлы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында Астанадағы ақылы тұрақтарды қысқартып, алғашқы 30 минутты тегін ету туралы ұсыныс тастады.
«Басқа түгілі бас қалада аттап бассаң, ақы төлеуге тура келеді. Себебі алғашында адам көп баратын орталық және іскерлік аудандарда ақылы тұрақ болады деген желеумен басталған жоба тұтас қаланы тұтқынға алды. Қазір Астанада 7216 ақылы автотұрақ бар екен, оны жыл соңына дейін 10 000-ға жеткізу жоспары бар екен. Сол ақылы тұрақтардан алынатын ақшада жекеменшік компанияның үлкен үлесі бар. Әр сағаты 100 теңге. Демалыс немесе мереке күндері тегін деген жеңілдікті де алып тастаған. Ақылы автотұрақтардың ақысын төлемесең, айыппұл салады, сомасы — 10 000 теңгеден асады. Яғни, азаматтарымыз 100 теңге төлемеген жағдайда, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұл дегеніміз 100 есе көп», — деді депутат.
Депутаттың айтуынша, кейінгі 4 жылда азаматтар Астанадағы ақылы автотұрақтарға 725,9 млн теңге төлеген. Соның 617,3 млн теңгесі жеке серіктестікке түссе, 108,7 млн теңгесі ғана қала бюджетіне аударылған.
«Ал автотұрақтарды абаттандыру, жолды жөндеу және көшені жинау шығындарын қала әкімдігі көтереді. Жеке компанияның міндеті қандай сонда? Алғашында ақылы тұрақтың арқасында автотұрақтағы қозғалыс жылдамдығы азаяды, тұрақтардың қолжетімділігі артады, көшелерде көлікпен тоқтау ережелері реттеледі деген. Олай болмады бірақ. Ақылы автотұрақтарға коммерциялық орталықтар, қоғамдық орындар тіпті, құрылыс нормалары мен қағидаларын бұза отырып әлеуметтік объектілерге келушілерге арналған жерлер де берілді. Тұрғындары тиісті кондоминиум рәсімдеп үлгермеген тұрғын алаптары мен тыныш аудандарда да ақылы тұрақтар пайда болды. Астанадағы саябақтар мен тұрғын үй кешендерінің айналасында ақылы тұрақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Халықтың қалтасына осынша түсу заңды ма?» — деп сұрады депутат.
Оның сөзінше, ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын іскерлік аудандарда ғана қалдырып, қалғанын қысқарту керек.
«Тұрғын үйлер мен саябақтардың аумағында ақылы тұрақ болмауы қажет. Ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемлекеттік операторды құру керек. Оған дейін мемлекет пен жеке меншік сектордың серіктестігі туралы шарттардың талаптарын қайта қарап, жекеменшік компанияға тұрақ аумағын күтіп ұстау, жолын жөндеу қызметін жүктеу қажет. Ақылы автотұрақта тегін тұру уақытын кемі 30 минутқа жеткізу керек», — деді Мәжіліс депутаты.
Еске салсақ, Астана әкімдігі мен ақылы тұрақтардан ақша жинайтын компания арасындағы келісімшарт 2038 жылға дейін бекітілген.