Депутат: Ауыл шаруашылығындағы санақтар саланың дамуына әсер етіп жатқан жоқ

депутат
Фото: parlam.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында мемлекеттік статистиканың сапасын жақсартуға бағытталған заң жобасы талқыланып жатыр.  Отырыста Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ауыл шаруашылығы саласындағы санақтардың сапасын сынады.

«Осыған дейін ауыл шаруашылығына байланысты екі санақ жүргіздіңіздер. Екеуінің нәтижесінен ауыл шаруашылығы ешқандай пайда көрген жоқ. Енді 2025 жылғы санақты қалай өткізесіздер? Сол санақтың қорытындысы бойынша қандай стратегиялық шешімдер қабылданады?» - деп сұрады ол.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев келер жылғы санаққа дайындықты пысықтау үшін биыл әр өңірдің екі ауылында пилоттық санақ жүргізілетінін айтты.

«2025 жылы ауыл шаруашылығының ауқымды санағы өткізілейін деп отыр. Оған біз осы жылдан бастап тиісті дайындықты бастадық. Үкімет деңгейінде арнайы комиссия құрылды. Бүкіл ұйымдастыру жұмыстарын сол комиссия шешеді. Биыл тамыз айында біз пилоттық санақ өткіземіз. Әр облыста екі ауылдық мекенде өзіміздің дайындық деңгейімізді тексертеміз», - деді бюро басшысы.

Соңғы жаңалықтар