Депутат Б.Смағұл «Қазақтың қара майоры» туралы кітап шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдың жарық көрген 3 бірдей жаңа кітабы қалың жұртшылыққа таныстырылды.
Депутаттың қаламынан шыққан «Қаһарман», «Қазақтың қара майоры» және «Оқ пен Отан» кітаптары қазақ арасынан шыққан ерен ерлерді елмен етене таныстыруға бағышталған. «Қаһарман» атты кітап Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ұрпаққа қалдырып кеткен таусылмас мұрасына арналып отыр. «Бауыржан Момышұлының отты сөздері ешқашан да көнермек емес. Бүгінде тәуелсіз ел болғаннан кейін, тәуелсіздік сана қалыптастырған өзіміздің азаматтарымыз болуы тиісті. Бұл қазақтың алтын ғасыры деп бастайтын болсақ, біз осы ұлы мемлекетті ілгеріден иемденген батыр бабаларымыздың ұрпағы екенімізді әрбір Қазақстан азаматы үшін мақтан болуы қажет», - дейді автор Б.Смағұл тілшілерге берген сұхбатында. «Қазақтың қара майоры» атты кітап Ауған соғысындағы дарынды қолбасшы, дарабоз тұлға Борис Керімбаевтың ерен ерлігіне арналған. Автор шығармаларында қан төгісті насихаттап отырған жоқ, керісінше әр сөйлемінде оның зұлмат екендігін көрсетеді. «Ауған соғысына Қазақстаннан барған «Мұсылман» батальонының, соның ішінде Борис Керімбаевтың өмірбаяны мен ерлігі тарихи деректер мен керекті дүниелермен көмкерілген. «От пен Отан» кітабында Қазақ Хандығының 550 жылдығы қарсаңында бүгінде көбейіп кеткен жылаңқы өлеңдер емес, рухты жанитын, намысты қайрайтын, майыспайтын, сынбайтын, ұлттық оғландарды тәрбиелеуге септігін тигізетін отты туындылар қамтылған», - деп атап өтті ақын. Оның айтуынша, кітаптар бүкіл Қазақстанға тегін таратылады. Кітаптардың таралымы шамамен 5-нан 15 мың данаға дейін жетеді.