Депутат балабақшаларда үздіксіз аудиожазба жүргізуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтай отырысында дептутат Тәттігүл Талаева Оқу-ағарту және Ішкі істер министрлеріне депутаттық сауал жолдап, мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйесі мәселесін көтерді.

балабақша
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Баланың балабақшадағы қауіпсіздігі кездейсоқ сақталып қалған бейнежазбаға немесе баланың болған оқиғаны ересектерге айтып жеткізе алуына байланысты болмауы тиіс, — деді ол.

Сонымен қатар, биыл қазан айында Астана қаласында түзету бағытындағы балабақшаның екі тәрбиеленушісіне қатыгездік көрсетілгенін еске салды. Депутаттың сөзінше, бұған дейін осындай жағдайлар Ақтөбе, Шымкент, Теміртау және Павлодар қалаларында да қоғамның назарын аударған болатын.

— Биылғы қазан айында Жамбыл облысының Қордай ауданында да алаңдатарлық оқиға орын алды. Көптеген жағдайда болған жайтты анықтауға дәл осы бейнебақылау камераларының жазбалары көмектесті. Мұның өзі ата-анасының жанында болмаған кезде балалардың қауіпсіздігі қаншалықты сенімді қорғалған деген маңызды сұрақты туындатады. Әсіресе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жағдайы ерекше алаңдаушылық туғызады. Әрбір бала өзіне не болғанын түсіндіріп айта алмайды немесе көмек сұрай алмайды. Сондықтан балаларды қорғаудың нақты әрі тиімді жүйесі қажет. Құрылтайда «Қазақстан балалары» депутаттық тобының жұмысы басталғаны жарияланды, — деді ол.

Тәттігүл Талаеваның пайымынша, балалар құқығын қорғау «Заң мен тәртіп» қағидатымен тығыз байланысты. Өйткені заң ең алдымен өзін-өзі қорғай алмайтын жандарды қорғауы тиіс.

— 2019 жылғы 23 қаңтардағы Ішкі істер министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің № 49 және № 32 бірлескен бұйрығымен бекітілген Бейнебақылау стандарттары, ең алдымен, объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Алайда топтық бөлмелер, ойын бөлмелері мен түзету жұмыстарына арналған кабинеттер бейнебақылау орнатылуы міндетті үй-жайлардың нақты тізбесіне тікелей енгізілмеген. Бейнежазбалар кемінде 30 тәулік сақталады. Сонымен қатар қолданыстағы Стандарттарда жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты осындай бірыңғай талаптар белгіленбеген, — деп сынға алды депутат.

Ол Оқу-ағарту министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне мәселені шешудің жолдарын да ұсынды:

  • Бірінші, бейнебақылаудың негізгі мақсаты ретінде балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауды бекіту. Балалардың жеке өміріне қол сұғылмау құқығын ескере отырып, мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда бейнебақылау орнатылуы міндетті үй-жайлардың толық әрі нақты тізбесін белгілеу. Камераларды өзге үй-жайларға орнатуды ұйым басшысының өз қалауына қалдыратын 7-тармақтың 4) тармақшасын алып тастау;
  • Екінші, бейнежазба жүргізуге жол берілмейтін үй-жайларда, алдын ала құқықтық бағалау жүргізу, балалардың жеке өміріне қол сұғылмау құқығын сақтау, жазбаларды қорғау және оларға қол жеткізуді қатаң шектеу шарттарын ескере отырып, тәулік бойы, аптасына 7 күн үздіксіз аудиофиксация жүргізуді міндетті түрде қарастыру;
  • Үшінші, бейнежазбаларды сақтаудың ең төменгі мерзімін 30 тәуліктен 90 тәулікке дейін ұзарту. Ата-аналардың өтініштері бойынша бейнежазбаларды ұсыну тәртібін, оларды қарау мерзімдерін, өзге балалардың дербес деректерін қорғау тетіктерін және бейнежазбалар архивінің сақталуына ұйым басшыларының жауапкершілігін белгілеу.

— Ата-аналар баласын балабақшаға тапсыра отырып, оны қауіпсіз ортаға қалдыратынына толық сенімді болуы тиіс, — деп түйіндеді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін баланы балабақшаға не мектепке беретін уақыт келгенде ата-аналарға push-хабарлама жіберілетінін жазғанбыз.