Депутат Е. Дошаев мас күйінде көлік басқаратындардың саны күрт өсіп отырғанына алаңдаушылық білдірді

Депутаттың мәліметтеріне қарағанда, егер 2011 жылы ішімдікке «сылқия тойған» жүргізушілердің кесірінен болған жол көлік оқиғаларының саны 424-тен астам болса, өткен жылы бұл көрсеткіш екі есеге дейін өсіп кеткен. Соңғы бес жылда жол полициясы қызметкерлері тарапынан 330 мыңнан астам мас күйінде көлік басқарған жүргізушілер ұсталған.
«Сондықтан бұндай өте ауыр жағдайға алып келетін жол қозғалысындағы жүйелі келеңсіздіктерді тек қана заңнамалық деңгейде шешетін уақыт келді. Біріншіден, халықаралық тәжірибеге сүйеніп, мас күйінде көлік басқаратындарға қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажет. Мысалы, Қытайда, мас күйінде жол жүру тәртібін бұзған алғашқы жүргізуші ату жазасына кесілген. АҚШ-та көлікті мас болып басқарған адам темір тордың арғы жағында 48 сағаттан 6 айға дейін отыруы мүмкін. Еуропада мас күйінде рульге отыратындар үшін салынатын ең көп айыппұлды Ұлыбритания белгілеген. Ол елде мұндай жағдайда көлік басқару 7200 еуроға түседі», - деді Е. Дошаев.
Депутаттың айтуынша, жапон елінің заңнамасында қатаң жаза түрлері тек мас күйіндегі көлік басқарған жүргізушіге ғана қарастырмайды. Мәселен, ол елде сол «қызу» жүргізушінің автокөлігіне отырған әрбір кәмелет жасындағы жолаушы 3 мың АҚШ долларына тең көлемде айыппұл төлейтін болған. Маршруттық және туристік автобустардың жолаушыларына да кешіріммен қарамаған. Сонымен қатар, мас болып рульге отырған жүргізуші кемінде 8700 доллар көлеміндегі айыппұл төлейді немесе 5 жылға түрмеге отырады.
«Қазақстанның заңнамаларында да бұндай жағдайдағы жауапкершілікті арттыра түскен абзал», - деді депутат Е. Дошаев.