Депутат Е. Исақұлов Арыстағы төтенше оқиғаға қатысты жауапты азаматтарды Парламентке шақыртты
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ержан Исақұлов Арыс қаласы маңында орын алған төтенше оқиғаға байланысты палатаның отырысына жауапты лауазымды тұлғаны шақырту туралы мәлімдеме жасады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласы маңында адам өліміне әкеп соқтырған төтенше жағдай орын алғаны белгілі. Бұны әлемнің барлық БАҚ-тары хабарлады. Біз оқиға салдарынан Арыс қаласы тұрғындарының баспаналарын тастап, түннің бір уағында балаларымен көшуге мәжбүр болғанын көрдік. Жалпы оқиға орын алған жерде Ауғаныстаннан кеңес одағы әскерлері шығарылғаннан кейін әкелінген миллиондаған оқ-дәрілер мен снарядтар сақталғаны белгілі. Сондықтан бұндай жағдайлар болашақта да ауқымды түрде қайталанбасына, оның салдары бұдан да ауыр болуына ешкім кепіл бола алмайды. Осыған орай, Парламент Мәжілісіне оқ-дәрілерді сақтау мен жоюға жауапты мемлекеттік органның лауазымды тұлғаларын шақыртуды сұраймын», деді депутат Е. Исақұлов.
Оның айтуынша, жауапты мемлекеттік орган өкілі Мәжіліс алдында Арыс оқиғасын тексеру қорытындысын жариялап, бұндай жағдайлардың қайталанбауына бағытталған шаралар туралы хабардар етуі қажет.