Депутат елде әскери фельдшерлерді даярлау ісін күшейтуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында қазіргі геосаяси қауіп-қатер мен төтенше жағдайлар ахуалында әскери медициналық кадрларды даярлау мәселесін көтерді.

Ғалиасқар Сарыбаев
Фото: Сенат

Оның пайымынша, әскери дәрігерлер мен фельдшерлерді даярлау жүйесі жан-жақты дамуы тиіс. Өйткені ол жедел әрекет етуге, әскери-медициналық тұрғыда тұрақты қамтамасыз ету мен еліміздің қазіргі заманғы қауіп-қатерге дайындығына тікелей әсер етеді.

- Әскери медицина саласындағы бастапқы медициналық көмектің негізгі орта буын мамандарын - әскери фельдшерлерді даярлауды қолға алу қажет. Бүгінде Қарулы Күштер мен азаматтық қорғаныс жүйесі тарапынан кадрларға деген қажеттілік артып жатыр. Ел аумағының көлемі, шалғай елді мекендердің жағдайы, табиғи және техногендік тәуекелдерге байланысты мобильді әрі арнайы медициналық мамандарды даярлау стратегиялық мәнге ие болып отыр, - деді Ғалиасқар Сарыбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор Талдықорған қаласындағы медициналық колледждердің базасында әскери фельдшерлерді даярлау туралы ұсыныс айтты. Бұл қалада әскери гарнизонның, госпитальдің және салалық медициналық мекемелердің болуы нақты ахуалға жақын жағдайда тәжірибемен ұштастырып оқыту мен тағылымдаманы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

- Талдықорған жоғары медициналық колледжі базасында әскери фельдшерлер даярлайтын мамандандырылған бөлімше ашу мүмкіндігін қарастыруды, мүдделі мемлекеттік органдарға бірлесіп тиісті білім беру модульдері мен стандарттарын әзірлеу және енгізу мәселесін пысықтауды, сала мамандарына деген қажеттілікті айқындап, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды, жобаны іске асыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың функциялары мен жауапкершілігін айқындай отырып, ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етуді сұраймыз, - деді сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Айта кетейік, биыл сәуір айының аяғында Қорғаныс министрлігінің сайтында мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға арналған мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды.