Депутат электр энергиясының тарифін бірнеше орган реттейтінін сынады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев елдегі электр энергиясының тарифтерін реттеуде бірізділік жоқ екенін сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тариф белгілеу ісінде нарықтағы бүкіл қатысушылардың мүддесін бірдей қорғайтын бірыңғай саясаттың болмауы да - үлкен проблема», - деді Сүйіндік Алдашев Сенат қабырғасында өтіп жатқан дөңгелек үстелде.
Оның айтуынша, электр және жылу энергиясын өндіру қызметін түрлі салалық реттегіш органдардың реттеуі дұрыс емес
«Мысалы, энергия өндіруші ұйымдардың тарифтерін Энергетика министрлігі реттейді. Ал энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тарифтерін, сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың жылу энергиясына тарифін Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті реттейді. Инвестициялық міндеттемелердің орындалуын бақылау тиісті деңгейде жүзеге асырылып жүрген жоқ», - деді Сенат депутаты.
Сондай-ақ, ол электр энергиясын өндіру және беру, тұтыну саласын толыққанды цифрлық есепке алу қажеттігін айтты.