Депутат еліміздің жаңа спутниктерін құру жобасын жандандыруды сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Екатерина Смышляева еліміздің KazEOSat-MR спутниктерін құру жобасы тоқтап қалғанын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Оның айтуынша, техникалық параметрлерге сәйкес KazEOSat-1 және KazEOSat-2 спутниктерінің жұмысы 2021 жылы аяқталуы тиіс. Оларды ауыстыру мүмкіндігі болмағасын, пайдалану мерзімі 2023 жылдың аяғына дейін ұзартылды. Осы уақыт ішінде аппараттарды ауыстыру керек. Сонымен бірге, 2020 жылдан бастап қолданыстағы «KazEOSat-2» спутнигін ауыстыруға арналған KazEOSat-MR жер серіктері топтамасын құру жобасы Ұлттық экономика министрлігінің сараптамасынан өту сатысында тоқтап қалды.

«Құжаттар 4 рет ресми түрде қарауға жіберілді. Дегенмен, техникалық-экономикалық құжат түрлі себептермен қайта қарауға қайтарылды. Бұл ретте жобаның құны жоспарға сәйкес келмейтіні немесе жобаның өзін ақтау көрсеткіштеріне қатысты күмәнді ойлар айтылды», - деді Е. Смышляева депутаттық сауалды жолдай отырып.

Оның пайымынша, мұндай қадамдар жерді қашықтан зондтау және экономика салаларын цифрландырудың барша жүйесіне қатер төндіріп тұр.

Осы орайда Е. Смышляева Үкіметтен аталған мәселе бойынша ведомствоаралық міндеттерді тез арада шешуге шақырды.

«Жақын арада біздің қазақстандық спутник жүйесі тиісті міндеттерді атқара алмауы мүмкін және жер қойнауын қолма-қол басқаруға қайта оралу қаупі бар. Дәл осындай қадамдар кезінде жерді заңсыз басып алуға ықпал еткен күштер болған еді. Осы орайда халық пайдасына жұмыс істемейтін латифундистердің неше түрлі тәсілдері айқын көрінген болатын. Сонымен қатар, тиісті шешім жасалмаса, онда біздің жерімізді шетелдік спутниктік топтардың зондтауына беруге мәжбүр болуымыз мүмкін», - деді депутат.


Фото: www.parlam.kz

Соңғы жаңалықтар