Депутат Еңбек министрінің мәлімдемесін сынады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айдос Сарым Еңбек министрінің өткен аптада «жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге бюджеттен төлемдерді тоқтатуға қатысты» айтқан ұсынысы бойынша сауал жолдады.
«Сіздің жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы ұсынысыңыз наразылық тудырды. Мұндай қадам еңбек және әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету құқығына кепілдік беретін ҚР Конституциясына қайшы келеді. Әрбір Қазақстан азаматы зейнеткерлік жасқа жеткенде де адал еңбек етуге құқылы. Олай болмаса, кәсіби мұғалімдердің, дәрігерлердің және басқа санаттағы мамандардың тапшылығына байланысты мәселені қалай шеше аламыз?!», - деді А. Сарым ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, enbek.kz мәліметіне сәйкес, 4 қарашадағы жағдай бойынша 53 826 бос жұмыс орны болса, оның ішінде 13 356-сында еңбек өтілі талап етілмеген.
«Тағы бір тенденция бар – Қазақстаннан шетелге жұмыс күшінің кетуі, олар негізінен - жастар. Бұл үрдістер жұмыс орындарының жетіспеушілігінен емес, төмен жалақы және тартымсыз жұмыс жағдайларына қатысты», - деді депутат.
Оның пайымынша, жоғарыда аталған бастамалар ұрпақтар арасына алауыздық тудырып, зейнеткерлерді жастарға қарсы қояды. Зейнеткерлер жастардың жұмыс орындарын «иемденіп отыр» деген аргумент негізсіз.
«Осы орайда алдағы уақытта қоғамда әлеуметтік шиеленіс тудыратын мәлімдемелерден аулақ болуға шақырамын», - деді Айдос Сарым.
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «зейнетке шығып, бірақ жұмыс істеп жүрген азаматтарға зейнетақы тоқтатылуы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді.
«Өткен жұмада Еңбек ресурстарын дамыту орталығында БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу өткіздім. Бұл сауал сол кездесуде қойылды, бірақ менің жауабымнан контексті жұлып алған. Мен зейнетке шығудың 2 тәсілі барын яғни ерте және кеш шығу және бұл әзірге ұсыныс екенін айттым. Бұл ұсыныс қазір зейнетақы алып отырған азаматтарға ешқандай кедергі келтірмейді. Олар қалай зейнетақысын алды, қалай жұмыс істеп отыр, солай әрі қарай жалғаса береді», - деді Светлана Жақыпова Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.