Депутат еңбекке баулу турасында: балалар азық-түлік дүкен сөресінде өседі деп ойлайды
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев қалалардағы мектеп оқушыларын ауыл шаруашылығы көрмелеріне жиі апаруды ұсынды.

- Біз кеңестік кезеңде мектепте оқыдық. Сол кезде жыл сайын күзде балалар ауыл шаруашылығы жұмыстарына баратын. Ауыл тұрғындары осыны жақсы біледі. Ауылдағы балалар шаруаның өнімді алу үшін маңдай терін төгіп жүргенін, өнім қалай алынатынын біледі. Қазір халықаралық конвенцияға байланысты балалардың еңбегіне тыйым салуды қабылдадық. Бірақ қазір жастарға қарасақ, ысырапшыл. Далада картоп немесе сәбіз жатса, жерден алып көтермейді. Сонымен қатар, азық-түліктің бәрі егістікте емес, дүкен сөресінде өседі деп ойлайды. Сондықтан мектеп оқушыларын, студенттерді ауыл шаруашылығына неге жұмылдырмаймыз?! Жұмыс істесін деп айтып тұрған жоқпыз. Бірақ ауыл шаруашылығына қатысты түрлі тегін көрмелерге барғаны дұрыс болар еді. Жыл сайын осындай 4-5 көрме ұйымдастырылады, - деді А.Баққожаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның пайымынша, балалар осы көрмелерде техникамен танысып, малды бағу жұмыстарынан жалпы түсінік алады. Өз кезегінде ҚР Оқу-ағарту вице-министр Еділ Оспан балаларды еңбекке баулу қазір жаңа формада жүзеге асырылып жатқанын айтты.
- Оқушылар еңбек пәні аясында тәлім алып жатыр. Сондай-ақ мектептің айналасында жылыжайларды құру бойынша жұмысты атқарып отырмыз. Осы іс-шаралар тәрбие жұмысы бағытында ұйымдастырылды. Қазір балаларды ауыл шаруашылығындағы даладағы еңбекке жаппай тарту ұсынысын қолдамаймыз. Атап айтқанда, оқушыларды еңбек алаңдарының қызметімен таныстыруды, көрмелерге баруын ұйымдастырамыз, - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, биыл жұмысшы мамандықтар жылы аясында тиісті іс-шаралар бекітілген. Бұл тұрғыда жоғары сынып оқушыларын өндіріс алаңдарына алып бару ескерілген.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.