Депутат фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірқатар мәселені көтерді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенатор Сұлтан Дүйсембинов еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы күрделі ахуал туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірқатар мәселені көтерді
Фото: Adam Gault/Getty Images

Депутат еліміздегі жұмыстың бұл бағытына өсімдік карантині жөніндегі 559 мемлекеттік инспектордың жауапты екенін және оның 172-сі мемлекеттік шекараның периметрі бойынша орналасқан фитосанитариялық бақылау бекеттеріне тікелей бекітілгенін атап өтті.

Сенатордың айтуынша, кейбір инспекторлар бақылау-өткізу пунктілеріне жету үшін 120 шақырымға дейін жол жүруі керек. Сонымен қатар, олар көлік шығындарын өздері көтереді. Ал, инспекторлардың жалақысы – жұмыс өтіліне қарай 84 000 теңгеден бастап 146 000 теңгеге дейін.

Депутат инспекторларды материалдық-техникалық жарақтандыру жағдайын да назардан тыс қалдырған жоқ. Облыстық аумақтық инспекцияларға 298 автокөлік қажет болып отырған кезде, олардың тек 259-ы бар.

«Еліміз үшін фитосанитариялық қауіпсіздік маңызын ескере отырып, фитосанитариялық бақылау бекеттерін тиісті заманауи зертханалармен және басқа да материалдық-техникалық қамтамасыз ету мақсатында тиісті іс-шараларды жедел түрде іске асыру қажет деп есептейміз. Бұл іс-шаралар жүйелі түрде және республикалық деңгейде жүргізілуі тиіс. Бақылау бекеттерінің санын және оларға келетін жүктемені ескере отырып, мемлекеттік инспекторлардың штат санын қайта қарастыруды, сондай-ақ инспекторлардың жалақысын көтеру, басқа да қосымша төлемдер жасау мәселесін шешуді сұраймыз», - деді сенатор.

Фото: Adam Gault/Getty Images