Депутат халықты тұтынушылық қарызға итермелеп отырған сауда орталықтарына шүйлікті
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысы мен Ұлттық Банк төрағасының атына сауал жолдаған депутат Николай Кузьмин халықтың екінші деңгейлі банктерге тұтынушылық қарызының күрт өсуіне алаңдаушылық білдірді.
Депутаттың сөзіне қарағанда, халықтың тұтынушылық қарызы 2013 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 2,2 триллион теңгені құрады. Соның ішінде күнтізбелік жылмен салыстырып қарағанда, 2012 жыл мен 2013 жылдың қараша айлары арасында тұтынушылық қарыз 48 пайызға өсіп, 701 млрд. теңгені құрады.
«Бір жағынан, екінші деңгейдегі банктердің, халықтың төлеу қабілеттілігін ұлғайта отырып, тауарлардың тұтынушылық нарығын белсенді несиелендіруі қуантады. Әйтсе де мәселенің екінші жағы бар: банктердегі тұтынушылық несиеге біздің тауар өндірушілер мен ірі сауда орталықтарының иелері өз тауарларын өткізу мақсатында күштеп итермелеп отыр. Біз батыс Еуропа және басқа елдердің тәжірибесінде мемлекеттің қарызға өмір сүруінің қауіпті екендігін көрдік емес пе?» - дейді депутат Н. Кузьмин.
Оның айтуынша, елімізде 90 күннен артық қарызын төлей алмаған жеке тұлғалар санының тұрақты өсу үрдісі байқалады. Бұл екінші деңгейдегі банктерден алынған несиелерін қайтаруға мүмкіндігі жоқ халық санының көбейгенін көрсетіп отыр. «Мәселен, 2013 жылдың 11 айында ғана 90 күннен артық несиесін төлей алмаған жеке тұлғалар қарызы 15,3 пайызға өскен. Осы үрдістің әрі қарай жалғасатындығына күмән жоқ. Бұл, өз ретінде, халық арасында кері әлеуметтік салдарларға әкеліп соғуы да мүмкін», - дейді депутат.