Депутат инженерлік желі тартуға бөлінген 24 млрд теңгені жоқ қылған 8 облысты атады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Бақытбек Базарбек инженерлік желі тартуға бөлінген қаражат жоғалған 8 облысты атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат инженерлік желі тартуға бөлінген 24 млрд теңгені жоқ қылған 8 облысты атады

«Бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалатындықтан түрлі мәселе туындайды. Кеше Бас прокуратураға инженерлік желі тартуға арналған 24 млрд теңгенің жоғалуына байланысты 8 облыс әкімдігі бойынша арыз жібердім. Бұл ақша қайда? Ал адамдар жер учаскесін күтіп отыр», - деді депутат Парламенттің бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның дерегінше, аталған қаражат Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Қостанай, Ақмола, Жетісу және Жамбыл облыстарында жоғалған.

«2021 жылы 8 облысқа 51 млрд теңге, біреуіне 5 млрд, енді біріне 8 млрд теңге бөлінген. Оның 48 млрд теңгесі игерілген. Осы 48 млрд теңгенің 24 млрд теңгесіне жұмыстар орындалған. Ал 24 млрд теңгеге ешкім есеп бермеген. Ал инженерлік желілер қайда? Мұның үстіне 2023 жылға 61 млрд, 2024 жылға 54 млрд теңге бөлінеді. 2021 жылы бөлінген қаражатқа не болғанын білмей тұрып қалай ақша бөлеміз? Бұл республикалық бюджеттің қаражаты ғой. Шынын айтқанда, мұны Анткор да білмейді. Кеше арызымды Бас прокуратураға табыстадым. Олар Анткорға береді деп үміттенемін», - деді Бақытбек Базарбек.