11:12, 31 Наурыз 2022 | GMT +5
Депутат қалалардың экологиялық жағдайына алаңдаушылық білдірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында депутат Әбдәлі Нұралиев қоршаған ортаның ластануына байланысты алаңдаушылық білдіріп, бұл жұртшылық назарын аударатын өзекті тақырыптардың бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ттілшісі.

Осы орайда ол бұл туралы еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауалында айтты.
Депутат қалалардағы экологияның нашарлауы адамдардың өмір сүру сапасы мен ахуалына теріс әсер ететінін атап өтті. Экологтар қалаларда атмосфераның жоғары деңгейде ластануы салдарынан құрбан болатындар жылына орта есеппен 2%-ға көбейіп бар жатқаны жайында деректер келтіріп отыр. Ал үш жыл ішінде қатерлі ісікке шалдыққан науқастар саны 14%-ға өскен. Әсіресе, республикалық маңызы бар және өнеркәсібі бар қалаларда жағдай нашарлап барады.
Сенатор осыған байланысты өзінің депутаттық сауалында жағдайды жақсарту үшін жұмысқа қарқын беру қажеттігін айтты.
«Қазақстан Париж келісіміне орай 2030 жылға қарай парниктік газдардың шығарылуын 15%-ға қысқартуды міндетіне алған. Есепті кезеңде нысаналы индикаторлардың орындалмауына байланысты экология мəселелерінің «Жол қарталары» пысықталып, нақтылануы керек және іс-шаралардың нәтижелі жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Қазақстан көміртекті бейтараптанудың 2060 жылға дейінгі доктринасымен жұмыстар жүргізуде. Бұл ел мүддесі үшін, табиғатқа және климатқа ұқыпты қараудың негізін қалауы керек», - деді сенатор.