Депутат лаңкестік үшін азаматтықтан айыру бабын Конституцияға енгізуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Депутат Георгий Ким лаңкестік қылмыс үшін және ел шаңырағын шайқалтқаны үшін азаматтықтан айыру бабын Конституцияға енгізуді ұсынды.

Депутат лаңкестік үшін азаматтықтан айыру бабын Конституцияға енгізуді ұсынды

Оның айтуынша, конституциялық өзгерістер сыртқы факторларға қарамастан, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етпек.

"Осы орайда, Конституциялық құрылымның, қоғамдық тәртіп қауіпсіздігін және адам құқықтары мен еркіндігін күшейту мақсатында ұсынамын. Конституцияның 10-бабы 2-тармағын келесі редакцияда көрсету: Қазақстан Республикасының азаматы азаматтықтан айырыла алмайды және Қазақстаннан тыс жерге шығарыла алмайды. Азаматтықтан айыру тек сот шешімімен лаңкестік қылмыс жасағаны үшін және республиканың аса зор маңызы бар мүдделеріне зардап әкелгені үшін шығарылады. Аталмыш ұсыныс терроризм қатерінің күрт өсуіне берген жауап болады. Ол xалықаралық тәжірибеге сай келеді. Ол үшін келесідей талаптар орындалуы қажет: азаматтықтан айыру құзырлы органдардың шешімімен ғана жүргізіледі. Біздің ұсыныста тек соттың шешімімен. Екіншіден, себебі қатаң шектелуі тиіс. Біздің редакцияда екі себеп қарастырылған - террорлық қылмысты жасау мен аса маңызды ел мүддесіне зардап келтіру", - деді Г. Ким

"Бұл ұсыныстар Конституция мазмұны мен мәнімен және xалықаралық құқық тәжірибесіне сәйкес келетіндіктен, Парламент депутаттарын осы ұсыныстарды қолдауға шақырамын", - деп атап өтті ол.