Депутат М. Айсина Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында елордалық құқық қорғаушылармен жүздесті
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина Елбасы Жолдауының бысым бағыттарын түсіндіру мақсатында елордадағы Алматы аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жазаға тарту жүйесіне қарайтын болсақ, негізінен бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Айппұл салу тек 5 пайызды құраса, қоғамдық жұмыстарға тарту шаралары тіпті жоқ. Сондықтан, бүкіл құқық қорғау органдарының жұмысын ықшамдап, әр органның өкілеттіліктерін нақтылау қажет. Екіншіден, алдымызда заңнамаларды гуманизациялау шарты тұр», деді М. Айсина.
М. Айсина полицейлерді Жолдауда айтылған міндеттерге сай, құқық қорғау саласын жаңа деңгейге көтеру ісіне белсене араласуға үндеді.
«Әр кездерде өтетін талқылауларда, жиындарда көптеген қарапайым қызметкерлер мен «кішкентай адаммын», менің айтқанымнан ештеңе өзгере қоймас дейді. Сіздерді «кішкентай адам» психологиясынан арылып, әрбіреулеріңіздің заңнамаларды, бағдарламаларды жасақтау жұмыстарына атсалысуға шақырамын», деп атап көрсетті ол.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Үкімет қарауына Әкімшілік-процессуалды кодекске толықтырулар мен өзгертулер енгізген жаңа жобаны жолдады және Әкімшілік құқықбұзушылқтар туралы кодекстің жаңа редакциясын енгізді. Елбасының тапсырмасы бойынша, Үкімет құқық қорғау органдарының қызметін реформалауға арналған бағдарлама әзірлеп жатыр. Оның айтуынша, бағдарлама құқық қорғау органдары алдына қойылған еліміздегі заңдылықты сақтау міндеті мен олардың қызметтерін азаматтар мен қоғамның бағалауына жол ашады.