Депутат М. Тінікеев коллекторлық қызмет туралы заң жобасын «халыққа қарсы» деп айыптады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында депутат Мұхтар Тінікеев аталған құжатты «халыққа қарсы» деп мәлімдеді.

Депутат М. Тінікеев коллекторлық қызмет туралы заң жобасын «халыққа қарсы» деп айыптады

Еске салайық, заң жобасын ҚР Ұлттық банкі әзірлеген болатын.

«Бірден айтайын, мен бұл заң жобасына қарсымын. Өйткені, біз «банктік рэкетті» заңдастырғалы тұрмыз. Егер бұрын әрбір екінші деңгейлі банктерде өздерінің коллекторлық агенттіктері жұмыс істесе, қазір Ұлттық банк олардың бәрін жоймақшы. Осылайша, Ұлттық банк депутаттардың қолымен «халыққа қарсы» заң жобасын қабылдатпақ», - деді талқылау барысында Мұхтар Тінекеев.

Оның пайымынша, заң жобасын әзірлеушілер кредитке батып отырған қарапайым халықтың пікірін ескермеген. Бұл ретте депутат ең бірінші кезекте еліміздегі қаптаған тұтыну кредиттерін тәртіпке келтіруге шақырды.

«Біздің 5 млн. астам азаматтарымыз кредит алыпты. Олар еріккеннен бұндай қадамға бармағаны да түсінікті. Заңда кешкі сағат 21:00-ден кейін борышкерлермен жұмыс істеуге тыйым салынады деп отыр. Ал қайсы коллектор бұл туралы Ұлттық банктен сұрайды екен? Ешкім де сұрамайды. Олар өздеріне қажетті қаражатты алмайынша тоқтамайды. Тұтастай алғанда мен заң жобасын «шикі» деп санаймын», - деді М. Тінікеев.