Депутат маңғыстаулық жұмысшылардың конституциялық құқықтарының бұзылып отырғандығын мәлім етті

АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ -  «Вагенборг Қазақстан» компаниясының жұмысшылары 1998 жылдан бері 11 жыл бойына заң бойынша тиесілі еңбек демалыстарын алмаған. Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев осындай мысалды алға тартып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықоваға сауал жолдады,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат З.Алшымбаев  жақында Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко қаласында «Нұр Отан» ХДП қоғамдық қабылдауын өткізген кезінде бір топ азамат өздерінің шағымдарын жеткізген. Олар депутатқа конституциялық құқықтарының бұзылып отырғандығын мәлім етті.

«Анықтап айтар болсам, Аталған компания Қазақстанның заңнамаларында көзделген аса ауыр және зиянды жұмыс жасайтын азаматтарға да заң бойынша тиесілі төлемдер төлемей отыр. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген демалыс және мереке күндері үшін де қаражат төленбейді. «Вагенборг Қазақстан» компаниясы өз жұмысшыларын біліктіліктерін көтеру үшін оқуға жібереді де, бірақ оқуға кеткен 30-100 күнді жұмысқа келмеген күндерге жатқызып, оны кейін басқа күндері есебінен жұмыс жасап атқаруға мәжбүрлейді екен. Мұнда жұмыс жасайтын қазақстандық жұмысшыларға төленетін жалақы шетелдік мамандарға төленетін жалақыдан едәуір төмен. Яғни, аталған компания тарапынан Қазақстанның еңбек заңнамасының нормалары бұзылып отыр»,- деді Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев.

Депутат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г. Әбдіхалықовадан аталған компанияда орын алып отырған Қазақстанның еңбек заңдылықтарының бұзылуын тексертіп, анықтап, заңнамада белгіленген тиісті шаралар қолдануын сұрайтынын мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар