Депутат Мариям Мұқан келінінің бір ғасырлық мерейтойы ескерусіз қалмауын өтінді

АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақ әдебиетінің классигі, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің іргесін қалаушылардың бірі Сәбит Мұқановтың зайыбы Мариям Мұқан келіні биыл қыркүйектің 15-і күні 100 жасқа толғалы тұр.
None
None

Осы мәліметті алға тартқан депутат Нұрлан Өнербай бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сәбит Мұқанов - ХХ ғасырда қазақ прозасының жедел қарқынмен дамуына, ұлт қаламгерлерінің жауһар туындылар жазып, әлем әдебиетіне үлес қосуына ерен еңбек сіңірген жан.

Қандай заманда да қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың биік белестерге қол жеткізуіне сүйікті жұбайларының сіңірген еңбектері аз емес. Олардың шығармашылықпен алаңсыз айналысуына қамқорлық жасаған. Сондай жандардың бірі - Сәбит Мұқановтың адал жары Мәриям Мұқан келіні. Өз замандастары Мариям апайдың бауырмалдық, адамгершілік, парасаттылық асыл қасиеттері туралы көп жазды. Сәбеңнің үйінен береке, төрінен қонағы арылмаған. Осы бір шаңырақтан өнегелі ұл-қыздар тәрбиеленіп шықты, бәрі де қазақ еліне қызмет етіп, өз орталарында абыройлы болды. Мәриям апай бұл өмірде қазақ әйелдерінің көрікті де келісті бейнесін сомдай білді. Бүгінгі таңда немере, шөберелеріне ақыл-кеңесін беріп, ұлағатты ұрпақ болып өсуіне бағыт беріп келеді.  

Сөзінің соңында депутат министрге: «Бір ғасырлық жасқа екінің бірі келіп жатпағаны анық. Ананы құрметтеген халықпыз ғой, Ұлы Сәбеңнің жылы ағалық алақанын сезген қазақтың талай ақын-жазушыларына ана бола білген сол Мариям апайдың мерейтойы ескерусіз қалып қоя ма деген қаупім бар. Осы орайда ел анасы болған адамға лайықты құрмет көрсетілуі үшін тиісті сала басшыларына өзіңіз тікелей тапсырма беруіңізді сұраймын»,- деді.

Соңғы жаңалықтар