Депутат машина жасау саласындағы көрсеткіштерді сынға алды

машина жасау
Фото: ortcom.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік қолдауға қарамастан, машина жасау саласында тиісті көрсеткіштер орындалмаған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов айтты.

«Машина жасау саласына да қомақты қаражат бөлініп жатыр. Соңғы үш жылда бұл бағытқа әртүрлі қаражат көздерінен республикалық бюджеттің 285 млрд теңгесі бөлінді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша шағын тораптық тәсілмен тек 13 мың автомобиль шығарылды, бұл 2023 жылғы шығарылған жалпы көлемінің 9,7% ғана. Қалғандары баяғы «отверточная сборка» негізінде құрастыру болды, яғни бұл үрдіс біздің автоөнеркәсіптің әдетіне айналып барады. Негізгі локализацияға көңіл бөлінбейді. Мұндай мемлекеттік қолдау кезінде тиімділік әлдеқайда жоғары болуы керек деп санаймыз», - деді Н. Сабильянов Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, өнеркәсіпті дамыту қорынан қаражат алған көптеген компания тек көлік пен техниканы сатып алған. Бұл өнеркәсіп саласының дамуымен тікелей байланысты емес.

«Оның үстіне, Ұлттық банктің салалық шолу деректеріне сәйкес, 2023 жылдың 4-тоқсанында өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістік қуаттардың орташа өлшемді жүктемесі небәрі 51,1 % болды. Осыған байланысты, жаңа жобалар мен бастамаларға жыл сайын қаражат бөлудің орындылығы туралы мәселе туындап отыр. Алдымен бар жобаларды іске қосып, нақты нәтижелерін, тиімділігін көрейік. Содан кейін ғана жаңа жобаларды қаржыландыруды жалғастыру керек деп санаймын. Сондай-ақ, өнеркәсіптік саясат мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмысының аса тиімді болмай отырғанына назар аударғым келеді. Оның заңға сәйкес өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын реттеуге және жобаларды іске асыру жөніндегі есептерді тыңдауға құқығы бар. Алайда, комиссия бұл өкілеттіктерді толық пайдаланбайды», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елімізде жаңадан қай автокөлік түрлері шығарылатынын жариялады.

Автокөлік өндірушілерінің алдында шағын торапты құрастыру үлесін 2027 жылға қарай жалпы өндіріс көлемінен 50 пайызға дейін ұлғайту бойынша міндеттемелер тұр.

Соңғы жаңалықтар