Депутат Меккеде Тәуелсіздіктің Көк туын көтерген азаматты марапаттады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының атынан марафоншы Дулат Иманқажыны «Б.Момышұлы. Намыс» төс белгісімен марапаттады.
Еске салсақ, Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл толуына және ҚР Ішкі Істер министрлігінің ерекше мақсаттағы милиция жасағының 25 жылдығына арнап, сондай-ақ денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасына қолдау білдірген марафоншы Дулат Иманқажы ағымдағы жылдың 6 шілдесінде «Астана-Мекке» бейбітшілік марафонына шыққан болатын.
«Бейбітшілік марафоны 3 айға ұласты. Дулат күніне 100 шақырым жолға жүгіріп отырды. Астана қаласының «Нұр Астана» орталық мешітінен жүгіріп бастаған ол еліміздің 6 облысы мен 4 мемлекеттің шекарасын қиып өтіп, 7000 шақырым қашықтықтағы қасиетті Меккеге өз аяғымен жетті», - делінген баспасөз баянында.
Желаяқ Дулат Иманқажы қыркүйектің 15-де қасиетті Меккенің топырағын басып, онда Қазақстан Республикасының көк туын көтерген болатын. Аталған сапар 2014 жылдың 13 қазанында аяқталып, Мекке қаласында көтерілген көк байрақ Республикалық мемлекеттік мұражайға тапсырылатын болды.