Депутат мүмкіндігі шектеулі балаларды қазіргі заманғы арбалармен қамтуды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Магеррам Магеррамов мүгедек балаларды қажетті кресло-арбамен қамтамасыз ету мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Депутат мүмкіндігі шектеулі балаларды қазіргі заманғы арбалармен қамтуды ұсынды

«Қолданыстағы арнайы арбаларды беру жүйесі ерекше мұқтаждықтары бар балаларға қажет талаптарға жауап бермейді. Берілетін ауыр, қолайсыз мүгедектер арбасы мүгедек балалардың ахуалын нашарлатады, омыртқаларының қисаюына, дене терілерінің ойылуына және депресиялық жағдайға әкеліп соқтырады. Мұндай арбалар балаларды алып жүруші адамдарға да қиындықтар туғызады. Өйткені ол арбалармен қалада қыдыру, қоғамдық көлікпен жүру, пандустарға көтерілу және ғимарат ішінде қозғалу қиын», - деп тоқталды депутат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне жолдаған сауалында.

 Оның сөзіне қарағанда, көп жағдайда адамдар осы арбаларды алуға мәжбүр, бірақ оны пайдаланбайды десе де болады.

«Сонда, мемлекет адамдарға пайдасы жоқ затқа әжептәуір қаржы қаражатын босқа шығындап жатыр. Осыған орай ерекше мұқтаждықтары бар балаларды мүгедектер арбасымен қамтамасыз етудің қолданыстағы жүйесін қайта қарауды, сондай-ақ мемлекеттің көмегіне мұқтаж балаларға арналған мемлекет қаржысын тиімді және мақсатты пайдаға асырылуын ұсынамыз. Қолайсыз арбалардың орнына бөлме ішінде, көшеде және пойыздарда қолдануға ыңғайлы қазіргі заманғы функционалды пайдалы арба түрлерін сатып алу қажет», - деп түйді сөзін Магеррам Магеррамов.

Фото: www.mega-optim.ru