Депутат Мұсырман: Бұрынғы полицейлерді қылмыстық топқа кіруге не итермеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарттар мен мүгедектерді қарақшылардан қорғау шараларын күшейту керек. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалында депутат Кәрібай Мұсырман осы мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат Мұсырман: Бұрынғы полицейлерді қылмыстық топқа кіруге не итермеледі

«Жақында Алматы қаласында полиция қызметкерлері жалғызбасты қарт адамдарды өлтіріп, олардың пәтерлерін сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрақтағандығы мәлім болды. Қылмыс әлемінің бір беделдісі басқарған 20-дан астам қарақшының ішінде бұрынғы полицейлер мен нотариустар бар болып шықты. Қазірдің өзінде тергеушілер олардың із-түзсіз жоғалып кеткен 4 адамның пәтерлерін заңсыз иемденіп, сатып жібергендігін анықтаған. Қанды қол қарақшылардың осындай 45 қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін», - деп тоқталды депутат.

Оның сөзіне қарағанда,  ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері қауқары шамалы қарт кісілерді аңдып жүріп, ұстап алып, тұрып жатқан жекеменшік пәтерлерін өздерінің аттарына мұраға қалдыру туралы жазбаша өсиетке ұрып-соғып, қинап қол қойдыртқан. Содан кейін өз орталарындағы нотариустар арқылы заңдастырған соң, оларды өлтіріп, мүрделерін жасырып келген көрінеді.

«Бұрын-соңды құлақ естімеген сұмдық қылмыс туралы хабарды қазақстандықтар жағаларын ұстап қабыл алып, әлеуметтік желілерде өздерінің орынды ашу-ызаларын білдіруде. Міне, осындай масқара қылмысты алдағы уақытта болдырмау мақсатында тиісті ұсыныстарды енгіземіз», - деді К. Мұсырман.

Бұл тұрғыда  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесе Алматы қаласындағы жоғарыда айтылған айуандық қылмыстардың орын алу себептеріне талдау жасап, соның негізінде жалғызбасты қарттар мен мүгедектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұсынысы жасалды. Осы орайда қарттардың мүліктерін басқа адамға мұраға беру туралы өсиетке зорлық-зомбылықпен қол қойдыру мен қасақана өлтіру жолымен заңсыз иемденуге жол бермеу шаралары қарастырылуы тиіс.

«Қылмыскерлердің жалғызбасты қарт адамдар мен мүгедектердің мүліктері туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін шектеу шараларын ескеру қажет. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігі бұрынғы полиция қызметкерін ұйымдасқан қылмыстық топқа кіруге не итермелегендігін анықтауға және ондай себептерді болдырмауға бағытталған ықпалды шараларды қолдануы, сондай-ақ полицияның жеке құрам арасындағы тәрбие жұмыстарын күйшейтуі тиіс», - деп нақтылады депутат.

Оның пайымынша, Әділет министрлігі «Нотариат туралы» Заңға сәйкес, нотариустардың жасаған нотариаттық іс-әрекеттерінің заңдылығын және іс жүргізу ережелерін қатаң сақтауын бақылауды күшейткен жөн.