Депутат Н. Сабильянов ауыз суға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалғанына күмәнмен қарайды
Онда депутат Шығыс Қазақстан облысы бойынша бірқатар елді мекенде ауыз су тапшылығы әлі де орын алып отырғанын айтып, бұл бағытта бөлінген қаражаттың тиімділігіне тексеру жүргізуді сұрады.
«2010 жылғы шілде-тамыз айларында Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында сайлаушылармен кездесу өткізгенде тұрғындар Аякөз ауданына қарасты Тарбағатай ауылындағы су құбыры желілерін және «Қосағаш-Мәдениет-Бидайық» топтық су жүйесін салуда орын алып отырған келеңсіз жағдайлар туралы мәселе көтерді. Ондағы елді мекендерге су 2-3 сағат қана беріледі. Орнатылған құдықтар биікте, кейбіреуі жұмыс істемейді, судың сапасы нашар. Соның салдарынан қаржы бөлінгенімен, тұрғындар таза ауыз суға әлі толық қол жеткізе алмай отыр», деді депутат.
Оның айтуынша, Қосағаш, Мәдениет, Бидайық ауылдарының су құбыры желілерін қайта жаңартуға 2006-2009 жылдары республикалық бюджеттен 513 млн. 948 мың теңге, соның ішінде 2009 жылы 102 млн. 748 мың теңге бөлінген. Ал Аягөз ауданы Тарбағатай ауылындағы су құбыры желісін қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 2007-2010 жылдары - 174 млн. 016 мың теңге, соның ішінде 2010 жылы 81 млн. 200 мың теңге бөлінген. «Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Қосағаш, Мәдениет, Бидайық ауылдарындағы және Тарбағатай ауылындағы су құбыры желілерін жаңарту жұмыстарына республикалық бюджеттен бөлінген қаржының мақсатына сай жұмсалуын тексеруді сұраймын. Қаражат бөлінді, неге аталған ауыл тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізе алмай отырғаны түсініксіз», деді Н. Сабильянов.