Депутат орман шаруашылықтарындағы ұялы байланыс проблемаларын атады

АСТАНА. KAZINFORM — Орман шаруашылықтарын ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде орманды қорғау тақырыбына арналған Үкімет сағатында депутат Ерлан Саиров айтты.

ерлан сайыров
Фото: Мәжіліс

«Абай облысында өрт болған кезде, орманшылар сол жердегі ұялы байланыстың және интернеттің жоқтығына тап болды. Сол жердегі орманшылардың айтуынша, азматтардың көбінің қайтыс болуына орманда олардың қолында ұялы телефон болмауы әсер етті. Қазір осы министрлік орманның ішінде және орман шаруашылықтарында ұялы телефон мен интернетті қамтамасыз ету үшін қандай нақты жұмыстар іске асырып жатыр? Орман шаруашылықтарында өрттің пайда болуына мониторинг жасағанда космостық мониторингтің рөлі қандай? Олар ақпарат берсе, мәлімет жергілікті пультке қанша уақытта жетеді?» - деп сұрады Е. Саиров.

Өз кезегінде Цифрлық даму вице-министі Асхат Оразбек апатты жағдайда ең маңызды мекемелік арнайы радио байланыс керек.

«Ұялы байланыс қарапайым азаматтарға керек, ал құтқарушыларға арнайы радио байланысты қамтамасыз ету маңызды. Енді орман аумағындағы елді мекендерді ұялы байланыспен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында қамтамасыз етеміз. 2027 жылға қарай ауылдарды интернет және ұялы байланыспен қамтамасыз етеміз. Елді мекендерден алыс орналасқан орман шаруашылықтары бар. Мұнда байланысты тек спутниктік технология арқыты орнатуға болады. Қазір мектептерге қатысты қанатқақты жоба іске асырылып жатыр. Яғни геостационарлық емес спутник технологияларын пайдалана отырып, 2 мың мектепті қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Біз оны одан әрі елді мекендерден шалғайдағы орман шаруашылығы бекеттеріне жеткізуге дайынбыз. Орман шаруашылығы мен орманды алқаптарды интернеттің кез келген түрімен қамтамасыз ету күрделі жұмыс. Бірақ мүмкіндік бар, Парламент Мәжілісінде қаралған заң жобасында цифрландыру және байланыс мәселелері бойынша түзетулер туралы депутаттық бастама ескерілген. Мұндай жағдайларда ұялы байланыс операторларына мобильді станцияларды ұсыну міндетін жүктейтін норма бар. Оларды сатып алып, қажет болған жағдайда әр облыстағы төтенше жағдайлар құрылымдарын қамтамасыз етуі керек», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, ғарыштын мониторингілеу аясында екі сервис қосылған. Олар бойынша ғарыштан түсірілген суреттер мен орманды алқаптардағы жағдайға маусымдық динамикаға талдау негізінде күніне 8 ретке дейін ақпарат беріледі. Бұл мәліметті Орман шаруашылығы комитетінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері алады.

Бұл жауапқа депутат Ерлан Саиров көңілі толмайтынын айтты.

«Немқұрайлы қарау - осы жүйені құртады. Мен нақты сұрақ қойдым, алайда жөнді жауап алмадым. Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі сұрақты министрлікке (Цифрлық даму) бағыттап отыр. Енді Цифрлық даму министрлігінің өкілі «нақты ведомствоның өзі не істейді?» деген сұраққа жауап бере алмай отыр. Сіздер неге бір-бірлеріңізге сілтей бересіздер? Мен Цифрлық даму министрлігіне «орманда ертең тағы өрт болса, сол жерде интернет және ұялы байланыс бола ма?» деп нақты сұрап отырмын. Өйткені, біз сол жердегі азаматтармен кездескенде, сол орманның ішіндегі адамдар өздерінің уәжін айтты. Яғни, Абай облысында жігіттердің қайтыс болуына телефонның істемегені себеп болғанын айтып отыр. Олар «біз осы жердеміз» деп хабар бере алмады. Міне, осы сұраққа кім жауап береді?», - деді Ерлан Саиров.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев былтыр күзде Абай облысына сапармен барғанын және сол жақтағы ауылдарда ұялы байланыс жоқ екенін растады.

«Сол себептен біз алдағы уақытта бірлесе отырып аталған мәселе бойынша нәтиже шығарамыз», - деді министр.