Депутат: Өтірік ажырасқандардың көздегені — оңай жолмен пайда табу
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы еліміздегі заңсыз неке және жалған ажырасудың проблемаларын көтерді.

— Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша 2024 жылы әлемде ажырасу деңгейі ең жоғары 5 елдің бірі — Қазақстан. Деректерге сүйенсек, ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 2,3 адамды құрайды. 2023 жылғы Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, оның 40,2 мыңы ажырасты. Тіпті кей жылдары Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталды. Ажырасқан отбасылардың көп бөлігі қала тұрғындары. Пайыздық өлшеммен алғанда 73,1 пайызды құрайды, — деді Жарқынбек Амантайұлы Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдай отырып.
Сондай-ақ халық қалаулысы Президенттің атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында отбасылардың арасында жалған ажырасу дерегі жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке мәселені шешуді тапсырғанын еске салды.
— Жыл басында өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесіп, олардың қоғамды ілгерілетуге байланысты пікірін тыңдап, біраз аманатты арқалап келдік. Сонда жергілікті жердің әкімдері жалған ажырасу фактісі көбейгенін қаперімізге тағы салды. Шыны керек, өтірік ажырасқандардың көздегені — оңай жолмен пайда табу. Мәселен, 2015 жылы ресми ажырасып, мемлекеттен көмек алып, әлеуметтік осал топтың қатарына еніп, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларда 2017, 2020 жылы ортақ балалары дүниеге келіп, әкесінің тегін алған. Тіпті, ағайын-туысы да көрші-қолаңы да олардың ешқашан ажыраспағанын айтады. Яғни, кейбір отбасылар саналы түрде құжат негізінде ажырасқанымен бір үйде тұрып, бала тәрбиесімен бірге айналысып, тіршілік етуде. Мұндай қадамға барған жанұялар мемлекеттен субсидия мен жеңілдік алу үшін барын салады, — дейді ол.
Осы орайда Мәжіліс депутаты оңай пайда тапқысы келетін жандардың тауқымет тартқан талай отбасының алдын орап, обалына қалып жатқанын айтты.
— Олардың арасында мемлекеттік қызметте және бизнесте жүрген жағдайлы отбасылар кездеседі. Яғни, тегін келетін үйдің кезегіне тетігін тауып тұрып алған. Тіпті, зәулім үйлерде тұрып, атаулы әлеуметтік көмекті алудан да бас тартпай отырғандар қаншама?! Өтірікке құрылған неке отбасылық құндылықты да құлдыратып жіберетіні анық. Бұл да үлкен мәселе. Соңғы уақытта сот тәжірибесінде де «жалған ажырасу» деген тіркес жиі айтыла бастады. Бұл жағдай ерлі-зайыптылардың өтірік ажырасуын алдын алу маңызы екенін тағы да көрсетеді, — деп толықтырды Ж. Амантайұлы.
Осылайша халық қалаулысы «жалған неке мен әдейі ажырасу әрекетін алаяқтыққа теңеді.
— Отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Неке және отбасы туралы» заңында жалған ажырасуды реттейтін бап та, норма да жоқ. Міне, осы заңды жетілдіретін кез келді. Некені сақтау мен жалған некені алдын алуда халықаралық тәжірибені саралап, тиімді тұстарын, сонымен қатар, мемлекеттік тіркеусіз жасалатын діни неке және азаматтық некені реттеудің де тетігін қарастыратын уақыт жетті. Осы ретте, жауапсыз тұлғалардан алимент өндіру ісін де жетілдіру аса маңызды, — деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев миллиардтар алып үйренген спорттық клубтардың тәбетін тежеу керектігін айтты.