Депутат пәтер сатып алған тұрғынды бірден ПИК-ке тіркеуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жаңа тұрғын үй салу барысында бірден пәтер иелері кооперативін құру қажет. Мұндай ұсынысты бүгін Астананың төңірегінде тұратын халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелеріне арналған шара барысында Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат пәтер сатып алған тұрғынды бірден ПИК-ке тіркеуді ұсынды

«Таяуда ғана біз тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізу мәселелері бойынша бастама көтердік. Бірінші мәселе - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының тұжырымдамасын жасау. Мәселен, құрылысшылар бірден үйдің пайдалануға берілуі туралы актімен бірге кондоминиумды тіркеуі керек. Екінші  мәселе, тұрғын үйді  сатып алу-сату актісімен пәтерді алғаннан кейін ол бірден автоматты түрде кондоминиум мүшесі болуы тиіс», - деді Мәжіліс депутаты.

Осы ретте ол аталған мәселе бойынша ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының атына депутаттық сауал жолдағанын атап өтті. Оның айтуынша, «Тұрғын үй қатынасы туралы» заң жобасын осы жылдың соңына дейін немесе келесі жылы әзірлеу жоспарланып отыр.