Депутат платформалық жұмыспен қамту саласындағы кемшілікті атады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Гүлзира Атабаева платформалар арқылы халықты жұмыспен қамту мәселесін көтеріп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың атына депутаттық сауал жолдады.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың оңайлатылған құқықтық режимін қалыптастыру міндетін қойды. Ол үшін кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын жекеменшік маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 35 интернет-платформа операторы арқылы қызмет көрсететін 956 мыңға жуық орындаушы болған. Алдағы уақытта платформалық экономикаға тартылған адамдардың саны геометриялық прогрессиямен өседі, — деді Гүлзира Атабаева.
Оның айтуынша, платформалық жұмыспен қамту қолданыстағы модельдің елеулі осал тұстары бар екенін көрсетіп отыр.
— Мәселен, Yandex Go сервисіндегі техникалық ақау салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлер тапсырыс қабылдап, табыс табу мүмкіндігінен уақытша айырылды. Сондай-ақ олардың тапқан ақшасын шығарып алу кезінде қиындықтарға тап болғаны туралы хабарламалар түсті. Бұл жағдай бір ғана жеке цифрлық платформаның техникалық ақауы жүздеген мың азаматтың жұмыспен қамтылуы мен табысына тікелей әсер етіп, олардың бір мезетте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылуын көрсетті, — деді депутат.
Осыған байланысты ол платформалық жұмыспен қамтудың Қазақстанның еңбек нарығына төндіретін тәуекелдеріне кешенді бағалау жүргізуді ұсынды.
Депутаттың пайымынша, цифрлық платформалардағы жаппай техникалық ақауларға назар аудару жөніндегі ведомствоаралық жоспар әзірлеу керек. Сонымен қатар цифрлық платформа операторларымен бірлесіп, ұзаққа созылған ақаулар кезінде орындаушыларды қорғаудың практикалық тетіктерін пысықтау маңызды.
Бұған дейін Премьер-Министр орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Яндекс қосымшасындағы ақау жөнінде пікір білдіргенін жазған едік.