Депутат С. Тұрсынов жасөспірімдер арасындағы қылмыстың күрт өсіп отырғанына алаңдаушылық білдірді
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Сағынбек Тұрсынов еліміздегі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың күрт өсіп отырғанына алаңдаушылық білдіріп, бұл жайында Үкімет басшысының атына сауал жолдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі күні жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесі мен моральдық-психологиялық жағдайы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Соған қарамастан, жастар арасындағы бұзақылық пен қылмыстың көбейіп отырғаны алаңдаушылық тудырады. Мектеп оқушылары бірін-бірі атып, пышақтап жатса, студенттердің түрлі қылмысқа барып жататыны жөніндегі оқиғалар басылым беттерінде күн сайын жариялануда. Соңғы деректерге қарағанда, жастар арасындағы нашақорлық пен спирттік ішімдіктерге әуестік күрт артқаны байқалып отыр. Ал елдегі жағдай туралы әр ведомствоның ақпараттары әр түрлі, тіпті кереғар деуге болады», деді депутат. Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінің кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі 2008-2009 жылдарға арналған жоспарын іске асыру бойынша берілген ақпаратта соңғы үш жыл ішінде жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс 4-5 пайызға төмендеді делінген. Бірақ, кейбір облыстарда, атап айтқанда Маңғыстау облысында осындай қылмыстардың көрсеткіші - 44,1 пайызға, Алматы облысында - 10,9 пайызға, Жамбыл облысында - 23,2 пайызға, Оңтүстік Қазақстан облысында - 8,9 пайызға артқаны да айтылады.
«Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының ресми деректеріне сүйенсек, былтыр кәмелетке толмаған жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыс күрт өскен. Оның ішінде есірткіге байланысты қылмыс 40 пайызға, кісі тонау 54 пайызға, көлік ұрлау 87,5 пайызға артқан. Сонымен бірге, былтыр кәмелетке толмаған 261 қыз бала жасанды түсік жасатып, 53 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсаған», деді депутат. Оның сөзіне қарағанда, бүкіл республика бойынша жасөспірімдер қылмысының жайы мәз емес. Ал жоғарыда көрсетілгендер есепке алынған ресми деректер болса, шын мәніндегі жағдай бұдан да күрделі болып отыр.