Депутат Сарайшық көшесіне Жұмабек Тәшеновтың атын беруді ұсынды

Мәслихат
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының мәслихаты алтыншы ауданды Сарайшық деп атауды мақұлдады. Бұл ретте мәслихат депутаты Бауыржан Смаилов сол жағалаудағы Сарайшық көшесінің атауын Жұмабек Тәшенов деп ауыстыруды ұсынды. 

Бұған дейін депутат жаңа ауданға Жұмабек Тәшенов есімін беруді ұсынған екен. 

«Бұған дейін де Алматы ауданы құрылды, Алматы көшесі болды, Сарыарқа ауданы мен Сарыарқа даңғылы бар. Өзге өңірлерде де қайталанатын атаулар бар. Сондықтан бұл мәселе (көше атын ауыстыру — ред.) күн тәртібінде тұрған жоқ. Сарайшықтың саяси-идеялық маңыздылығын ескере отырып, жаңа аудан атауы ретінде таңдадық. Ономастика заңдылығы бойынша кісі есімі елдімекенге, ауданға, қалаға берілмейді», — деп жауап берді Астана тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп. 

Мәслихат
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Сәкен Есіркеп елордада Ж. Тәшенов атындағы көше мен мектеп бар екенін, мектепте музей мен ескерткіші ашылғанын еске салды. 

Ал депутат бір қалаға Сарайшық атауы көбейіп кеткенін, сондықтан қазіргі Сарайшық көшесін Тәшенов есіміне ауыстыру бастамасын көтерді. 

«Егер Сарайшық ауданы ашылса, Қонаев көшесімен қатар жатқан Сарайшық көшесіне Жұмабек Тәшеновтың есімін берейік. Оң жағалаудағы қазіргі Тәшенов көшесі өте қысқа. Мұндай тұлғаға сол жағалауда нақты Сарайшық көшесі берілсе, әділдік сонда болады», — деді мәслихат депутаты Бауыржан Смаилов. 

Соңғы жаңалықтар
telegram