Депутат «Сарыағаш» шипажайын жекешелендіруден бас тартуды талап етті
АСТАНА. KAZINFORM – «Сарыағаш емдеу-оңалту орталығын жекешелендіру сол жерде жұмыс істейтін және емделуге келетін қазақстандықтарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл пікірді Сенат депутаты Мұрат Қадырбек айтты.

«Шипажай жыл сайын демалуға және емделуге келетін 20 мың келушіні қабылдайды, тұру құны тәулігіне 14-25 мың теңге аралығында. Қазіргі уақытта осы аумақта 50-ден астам жеке санаторий бар. Олардың бағасы 40 000-нан 120 000 теңгеге дейін жетеді, яғни қарапайым халық үшін қолжетімділігі төмен. «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарына» сәйкес, шипажай бәсекелестік ортаға беруге ұсынылған ұйымдар тізіміне енді. Шипажайдың кешенді жоспарға қосылуы аймақ тұрғындарын қатты алаңдатады», - деді депутат.
Оның айтуынша, жекешелендіруден кейін жаңа иесі табысты көбейту үшін қызметкерлерді қысқартқысы келсе, осы санаторийде жұмыс істейтін ауыл тұрғындары жұмыссыз қалуы мүмкін.
Осыған байланысты, сенатор Мұрат Қадырбек Премьер-Министр Олжас Бектеновтен санаторийді Жекешелендірудің кешенді жоспарынан шығаруға жәрдемдесуді сұрады.