Депутат «Семей орманы» мекемесіндегі проблеманы атады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов «Семей орманы» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне үстемақы төлеу, әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіру мәселесін көтерді. Осы орайда ол Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдады.

«ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкес, мемлекеттік орман шаруашылығы қызметкерлеріне 100 пайызға дейін қосымша үстемақы беру қарастырылған. Алайда, «Семей орманы» мемлекеттік мекемесінің техникалық персоналына - жүргізушілеріне, радиобайланыс операторларына, тракторшыларына, басқаларына (№ 131 ерекшелік қызметкерлеріне) бұл үстемақы төленбей отыр. Осы мәселе шешімін табу керек. Екіншіден, ауылдық жерлерде табиғатты қорғау функцияларын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға 25 пайыздан кем емес үстемақы төленуі тиіс. Бірақ бекітілген қызметтер тізбесінде ауылдарда табиғатты қорғау функцияларын жүзеге асыратын қызметкерлер мен мамандар енгізілмеген. Осы санатты аталған қаулыға енгізу қажет», - деді Н. Сабильянов.
Оның айтуынша, Еңбек Кодексіне сәйкес азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеу қарастырылған. Бірақ «Семей орманы» мемлекеттік мекемесінің техникалық персонал санатына кіретін жұмысшылар осы жәрдемақыны ала алмай отыр. Сонымен қатар орман шаруашылығы қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру қажет.
«Бұл тұрғыда «Семей орманы» мекемесінің техникалық персоналына үстемақы төлеу, сауықтыру жәрдемақыларын беру және олардың медициналық оңалту ұйымдарында емделуін қамтамасыз ету қажет. Ауылдық жерлерде табиғатты қорғау функцияларын жүзеге асыратын қызметкерлерге 25% қосымша ақы қосу, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру мәселелерін қарастыруды сұраймын», - деді депутат.