Депутат сейсмология саласын цифрландыруға қатысты ұсыныс айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Әбутәліп Мүтәлі Премьер-министр Олжас Бектеновке сейсмология саласын дамыту туралы депутаттық сауал жолдады.
- Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін әрі қарай дамыту мәселесі Қазақстан Республикасындағы кейбір өңірлердің, әсіресе, Алматы қаласы мен Алматы облыстарының сейсмикалық белсенді болуы, жылдам урбанизациялану және құрылыс тығыздығының артуы жағдайында аса өзектілігін сақтап отыр. Сыни сәтте жақындап келе жатқан жердің сілкінуі туралы ескерту адамдарға мүмкіндігінше қысқа мерзімде келуі маңызды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, сейсмикалық қауіптерден ең тиімді қорғаныс жолы - ол геодеректерді маңызды инфрақұрылыммен және құрылыс секторымен байланыстырып, бірыңғай цифрлық контур құру арқылы жүзеге асыру, - деді Ә. Мүтәлі.
Оның айтуынша, халыққа алдын ала ескерту және құлақтандырудың интеграцияланған жүйесін жасау бойынша жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар заманауи халықаралық тәсілдерді ескере отырып, мониторингілеу, талдау және құлақтандыру деректерін сейсмикалық тәуекелдерді басқару ұлттық бірыңғай контурына біріктіру механизмін дамытуды жалғастыру қажет.
- Осы саланы цифрландыруға ерекше назар аудару керек. Жер сілкінгенде реакция бірнеше секунд ішінде болуы керек. Мұнда жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет. Қазіргі уақытта сейсмологиялық деректердің цифрлық базасын кезең-кезеңімен қалыптастыру, сондай-ақ талдау мен модельдеудің заманауи әдістерін енгізу мәселелерін пысықтау жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар мүмкіндіктерді есептеуді кеңейту мен үлкен деректерді талдау технологияларын қолдануды қоса алғанда, осы бағыттарды әрі қарай дамыту болжамдық бағалаудың дәлдігін және тәуекелдерді басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Жалпы, Министрлік қабылдап жатқан шаралар ұлттық сейсмологиялық қауіпсіздік жүйесін әрі қарай дамытуға негіз болады және қолдауды талап етеді, - деді депутат.
Осы орайда ол Қазақстан Республикасының сейсмология саласын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының іс-шараларын рет-ретімен іске асыруды қамтамасыз етуді, еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде сейсмикалық аудандарға бөлу картасын әзірлеуді және оны енгізуді аяқтау бойынша жұмысты жалғастыруды сұрады.
- Деректерді мониторингілеу, талдау және халықты ерте құлақтандыру жүйелерін сейсмикалық тәуекелдерді басқарудың ұлттық бірыңғай контурына одан әрі интеграциялау мүмкіндігін қарастыру маңызды. Сейсмология саласының цифрлық инфрақұрылымын дамытуды және сейсмикалық тәуекелдерді бағалау мен басқару саласында ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуді жалғастыру қажет, - деді Әбутәліп Мүтәлі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, отандық ғалымдар сейсмикалық қауіпсіздікке арналған отандық технологияны сынап жатыр.