Депутат Шавхат Өтемісов еліміздің батыс өңіріндегі аудан тұрғындарының өтінішін жеткізді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттың сауал жасауына Батыс Қазақстан облысының шалғайда орналасқан Жәнібек (500 шақырым) және Бөкей ордасы (600 шақырым) аудандары тұрғындарының облыс орталығы - Орал қаласына қатынаудағы шегіп отырған айтарлықтай қиындықтары негіз болған.
Парламентшінің айтуынша, 1992 жылға дейін Жәнібек және Сайқын стансыларына тоқтап жүрген пойыздардан қазіргі күнге біреуі ғана қалды. Ол пойызға мінген Қазақстан азаматы Оралға жетуі үшін екі жерде пойызға ауысып мінуі қажет. Мысалы, Сайқын стансысынан пойызға отырған адам Красный Кутқа барып түседі, содан кейін Урбахқа баратын пойызға мінеді. Урбахтан Оралға дейін жүретін пойызды күтуге мәжбүр болады. Бұл тұрғындар үшін өте қолайсыз.
«Тікелей теміржол қатынасы болмағандықтан, аталған аудандардың тұрғындары автомобиль көлігімен қатынауға мәжбүр. Бұл елді мекендерде облыс орталығының жоғары оқу орындарында екі мыңға жуық студент тұрады, күнделікті азық-түлік тауарлар да Оралдан әкелінеді. Сонымен қатар халықтың медициналық мекемелерге қаралып тұруы керек қой. Күз, қыс, көктем мезгілдерінде онсыз да нашар автомобиль жолдары мүгедектер, қарт адамдар, науқастар, жас балалар мен аналардың облыс орталығына жету мүмкіндіктерін шектеуде. Жоғарыдағы айтылып отырған мәселені «Орал-Астрахан» пойызын қазақстандық құраммен ашу немесе Сайқын-Урбах стансыларының арасында жүретін тіркеме вагондар шығару арқылы шешуге болар еді. Осы жылғы қаңтардан Кеден одағының құрылуы бұл ойды іске асыруға оң ықпалын тигізеді деп аталған аудан тұрғындары үміт артуда»,- деді Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов.