Депутат шетелдік тәжірибе туралы: «Сэм аға» бізге қалай ақыл үйретпеуі керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қанаты бекіген Қазақстан заң қабылдауда шетелдік мемлекеттердің тәжірибесіне айтарлықтай зәру емес. Парламент Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев Мәжілісте статистика туралы заң жобасының таныстырылымында осылай деді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов мәжілісмендерге «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын таныстырды. Вице-министр заң жобасын дайындау кезінде Германия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Австрия, Италия секілді дамыған елдердің тәжірибесі зерделенгенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, жоба ресми статистика туралы Еуропаның модельдік заң ережелерінің негізінде дайындалған.
«Негізгі мақсат - халықаралық тәжірибені, халықаралық стандарттар мен қағидаттарды ескере отырып, институционалдық деңгейде статистикалық процестердің және өнімдердің сапасын қамтамасыз ету. 2 заңнамалық актіге заң жобасымен түзетулер енгізіледі. Ұғымдық бөлігін нақтылауға және кеңейтуге бағытталған әкімшілік деректер мен ұлттық санақ секілді өзгерістер, сондай-ақ бірқатар интервьюер, метадеректер сынды жаңа ұғымдар, телефон арқылы пікір алу жүргізудің компьютерлендірілген жүйесі енгізілгелі отыр», - деген Руслан Дәленов мәжілісмендерден заң жобасын қолдауды сұрады.
Заң жобасын талқылау барысында депутат Владислав Косарев ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министріне өзінің сауалын жолдады.
«Біздің статистика органы ешбір министрлікке тәуелді болмауы керек. Екіншіден, статистика органының өңірлердегі желісі қандай? Яғни, қалалар мен аудандардағы органдар қалай жұмыс істеп жатыр. Тағы бір сұрақ: жалған статистикалық есеп беретін органның жауапкершілігі қандай? Сондай-ақ, тағы бір реплика: еуропалық елдердің ойына сүйене беруді қою керек. Жұмысты ешкімге қарамай өзіміз жүргізейік. Қанатымыз бекіді. «Сэм аға» бізге қалай қадам басу керектігін үйретпейтіндей, жұмыс жүргізсек!?», - дейді мәжілісмен.
Бұл сұраққа жауап берген Руслан Дәленов шетелдік тәжірибе көзсіз көшіріліп жатпағанынын баса айтты.
«Сырттағы тәжірибені біз тек саралаймыз. Егер ізгісі болса аламыз. Әлемнің озық тәжірибелеріне сүйену біздің тікелей міндетіміз. Аудандық құрылымдар туралы айтар болсам, статистика органдары өте жақсы жарақтандырылған. 2,5 мыңға жуық қызметші бар. 16 облыста, 180 ауданда органға қарасты басқармалар мен бөлімдер жұмыс жасап жатыр. «Бір терезе» қағидаты өз нәтижесін беруде. Біз тіпті пилоттық жоба ретінде мәліметтерді жинайтын адам қағаз ұстап жүрмейтіндей, планшетпен мәлімет беру тәжірибесін енгізгелі жатырмыз», - деді Руслан Дәленов.