Депутат: «Шиқылдаған тілдегі» мультфильмге тыйым салу керек

«Теледидардан 24 сағат бойы «шиқылдаған тілде» мультфильм көрсетеді. Балаларымыздың тілі осы құлаққа жағымсыз тілде «шиқылдап» шығып келе жатыр. Бұл не қазақтың, не орыстың тілі емес, яғни мультфильмнің тілі. Жалпы, осы бағытта тиісті шектеулер бола ма?»,-деді депутат.
Сонымен қатар Берік Дүйсенбинов балалардың дамуына зиян келтіретін компьютерлік ойындарға тыйым салу керектігін атап өтті.
«Бұл ойындардың философиясының өзі баладан бөлек, ересек адамды шошытады», - деді депутат.
Айта кетейік, Мәжілісте «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерту мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары таныстырылды.
«Осы заң жобаларына Парламенттің бір топ депутаты бастамашылық етті. Заңнаманың дидары өзгерді, даму қарқыны алапат. Ақпараттың тасқыны кезеңінде оның зардабынан балаларды, жас ұрпақты қорғаудың маңыздылығы күн тәртібіне шығып отыр», - деді Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан таныстырылым барысында.
«Заң жобасының міндеті балаларды физикалық және психикалық денсаулығына, имандылық, рухани, психикалық, физикалық және әлеуметтік жағынан дамуына зардабын тигізетін ақпараттан, оның ішінде зорлық-зомбылық пен қатыгездікті, порнографияны, қоғамға жат әрі құқық бұзушылық әрекетті насихаттайтын баспа, дыбыс пен бейне өнімдерін, электрондық және компьютерлік ойындарды таратудан қорғаудың ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктері мен заңнамалық кепілдіктерін енгізу болып табылады. Осы орайда әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесі ескеріліп отыр», - деп нақтылады Б.Тілеухан.