Депутат: Ішкі тұщы су қорларын сақтау — ұлттық қауіпсіздік мәселесі

АСТАНА. KAZINFORM — 2040 жылға қарай су тапшылығы 17,5 текше шақырымға жетуі мүмкін. 

еділ жаңбыршин
Фото: Мәжіліс

Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің «Көкжиде құмды алқабының аумағындағы геоэкологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер» тақырыбындағы отырысында мәлімдеді.

— Көкжиде мәселесі талай жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап ірі тұщы жерасты су қоры ретінде белгіленген. Бүгінде оның суы бірқатар елді мекенді қамтамасыз ету үшін пайдаланылып отыр. Болашақта батыс Қазақстан өңірлерін ауыз сумен қамтудың маңызды көздерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. Алайда осы аумақта мұнай өндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан жерасты суларының сапасын сақтау мәселесі қоғамды көп жылдан бері алаңдатып отыр, — деді ол.

Депутаттың сөзінше, бүгінде бұл мәселенің маңызы арта түсті. Мемлекет басшысы судың стратегиялық ресурс екенін бірнеше рет атап өтіп, су ресурстарын басқару жүйесін цифрландыруды, оларды пайдалану мен қорғауды бақылауды күшейтуді тапсырды.

— Халықаралық ұйымдардың мәліметіне сәйкес, Қазақстан су тапшылығы қаупі жоғары елдердің қатарына жатады. Елдегі су ресурстарының шамамен 45-48%-ы шекаралас мемлекеттер аумағында қалыптасады. Ал 2040 жылға қарай су тапшылығы 17,5 текше шақырымға жетуі мүмкін. Осындай жағдайда ішкі тұщы су қорларын сақтау ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр, — деді Еділ Жаңбыршин.

Айта кетейік, бұған дейін барлық кәсіпорын су үнемдеудің бес жылдық жоспарын әзірлеуге міндеттелетінін жазғанбыз.