Депутат: СҚО-ның 13 мың тұрғыны радиациялық қауіпті аумақта тұрып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Қанат Мусин СҚО-дағы екі ауданға радиациялық қауіп тудырып тұрғанын айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Депутат: СҚО-ның 13 мың тұрғыны радиациялық қауіпті аумақта тұрып жатыр

«Қазақстан уран қоры бойынша Аустралиядан кейінгі екінші мемлекет саналады. Қазақстандық уран концентраты әлемдік атом энергетикасының 40 пайыздық қажеттілігін қамтамасыз етіп, АЭС-ы бар әлемнің бүкіл мемлекеттеріне тасымалданады. Радиоактивті шикізаттың стратегиялық қорының болуы мемлекетіміздің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше міндеттеме жүктейді. Бірақ, кейбір жағдайлар қолға алынған шаралардың жетіспейтіндігін көрсетіп отыр», - дейді депутат Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, СҚО-дағы Айыртау мен Ғабит Мүсірепов аудандарында әлеуетті радиоактивті қайнар көз болып табылатын жұмысы тоқтатылған өнеркәсіптік уран кен орнының аумағы бар. 2001-2006 жылдар аралығында ол аумақтардың концервациясы үшін 250 млн теңге жұмсалған.

«2015 жылы жүргізілген прокуратураның тексеру жұмыстары СҚО-да аталған консервация аумақтары заңнама талаптарына сай келмейтінін, ал радиоактивті нүктелер халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратынын көрсеткен. Гамма-сәулеленудің мөлшері рұқсат етілген деңгейден 2 есеге асып кеткен. 2016 жылдың 2 ақпанында прокуратура ҚР Энергетика министрлігіне аталған бұзушылықты жоюды тапсырды. Мәселенің өзектілігіне қарамастан, 2016 жылдың маусым айында Энергетика министрлігі формалды түрде ғана шараларды қолға алды», - дейді депутат.

Қанат Мусиннің сөзіне сенсек, Энергетика министрлігі СҚО әкімдігіне жергілікті бюджеттің есебінен кен орнына қосымша консервация жүргізуді ұсынған.

«Бірақ, министрлік бұл мәселені шешу облыс әкімдігінің міндеті емес екенін білмеді дейтін емес. Бірқатар шаралар бастау алғанымен мәселе сол күйі шешілмей қалған. Ал бұл уақытта уран кенінің 30 шақырымдық радиусында 6 елді мекенде 13 мың адам тұрып жатыр», - дейді Мусин.

Депутат СҚО өлім-жітім көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда, өмір сүру ұзақтығы ол облыста төмен екенін, ауру-сырқауға шалдығу деңгейінде өңір 5 орында тұрғанын жасырмай айтты.

«Халықты радиациялық қауіптен қорғау туралы» заң бойынша ол жердегі халық қорғалуы керек. Осы себепті СҚО-дағы осы мәселе бойынша нақты шараларды қолға алуды сұраймыз. Ол жерге тексеру жүргізу керек», - деп түйді мәжілісмен.