Депутат теміржол саласы турасында: Вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сенім аз
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев вагондар паркін түбегейлі жаңарту алдағы 7 жылда орындалмауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаз келсе болды, қоғамда теміржол жолаушылары тасымалына қатысты шағым да көбейеді. Жылда қайталанатын жағдай. Теміржол жолаушылар тасымалы сапасының төмендігі сын көтермейді. Себебі, жолаушылар құрамының көп бөлігі кеңес заманының мұрасы. Жыл сайын біз вагондар паркін жаңарту мәселесін көтеріп келеміз. Көптеген уәделер бар, бірақ іс жүзінде жоспарланған қарқындар сақталмайды. Қазір теміржол құрамының кемінде 60 пайызы тозған. Вагондар паркін түбегейлі жаңарту 2030 жылға жоспарлап отыр. Ескере кететін жайт, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы 1997 жылы құрылды. Яғни, 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмітіміз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз. 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 80 пайыздан асып кетпейтініне кім кепіл?!», - деді Е. Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, билет тапшылығымен қатар, билет бағасының қымбаттауы байқалды. Олар әртүрлі мобильді қосымшаларда сатып алу кезінде ерекшеленеді. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының құрылғанына 26 жыл болғанына қарамастан, бұл саладағы жұмыс әлі күнге дейін ретке келетін емес.
«Сол себепті, депутаттық сауалда көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, теміржол тасымалы мәселесін түбегейлі шешуді сұраймыз. Бұл жай ғана бір депутаттың сауалы емес, бір өңірден екінші өңірге жаз бойы жете алмаған мыңдаған адамның аманаты», - деді депутат.