Депутат зейнетақы жинағын пайдалану шегін төмендетуді ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинағын пайдалану шегін төмендетуді ұсынып, Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2013 жылы Бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры құрылған кезде оның құзырына бүкіл жекеменшік жинақтаушы қорлардың шоты берілген болатын. Сол арқылы бір жерге шоғырланған зейнетақы жинағын басқару тиімді бола түседі, ал бір бөлігі нақты экономикаға несие ретінде бағытталады деп күтілген. 9 жыл өткеннен кейін екі мақсаттың да орындалмағанын өкінішпен айтып отырмыз. 2021 жылғы қазан айында БЖЗҚ-ның 12 айдағы кірістілігі 7,5% болды. Ал инфляция 18%-дан асып кетті. Яғни, шынайы кірістілігі теріс мәнде. Нақты экономиканы несиелеу бағытын қарасақ, БЖЗҚ ұзақ мерзімді қаржыландыру көзі бола алмады. Зейнетақы жинақтары негізінен мемлекеттік облигацияларға, банктер мен халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына салынған. Бұған дейін де жинақтық зейнетақы жүйесінің тиімсізідігі БЖЗҚ-ның нарықтағы монополиясынан болып отырғанын айтқанмын», - деді Мәжіліс өкілі.

Сондай-ақ, ол БЖЗҚ Президент тапсырмасын орындауда алдамшы әрекетке барып отыр деген пайым айтты.

«Ең қызығы, БЖЗҚ Президент тапсырмасын сөз жүзінде орындаған болып шығады. Яғни, зейнетақы активтерін басқаруға 4 басқарушы компанияны тартқан. Олардың сенімгерлік басқаруына 9 млрд теңге берілген. Бұл – күлкілі сома, бүкіл зейнетақы жинағының 1%-ына да жетпейді. Ол компаниялардың қазіргі инвестициялық көрсеткіштері БЖЗҚ көрсеткіштерінен төмен. Шын мәнінде, бұлар жеке меншік зейнетақы қоры емес, брокерлік компаниялар», - деді депутат.

Мәжілісмен Үкіметтен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге зейнетақы активтерін басқаруды жеке зейнетақы қорларына беру арқылы монополиясыздандыруды сұрап отыр.

«Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану шегі көтерілгеннен бері әлемде теңдесі жоқ бұл бастаманың пайдасы жоққа теңесті. Өзге елдер біздің осы тәжірибені зерттеп жатқаны туралы мәлімет бар. Үкіметке зейнетақы жинағын пайдалану шегін қайта бір қарау керек деп есептеймін. Сондай-ақ, жеке зейнетақы қорларын тартқан кезде де осы тәжірибені ескеріп, салымшыларды ынталандыратын жаңа пакет әзірлеу қажет. Мысалы, азаматтарға жинақтың инвестициялық кірістілігі инфляция деңгейінен жоғары болса, бір бөлігін шешіп алуға мүмкіндік беру керек», - деді Аманжан Жамалов.

Фото: img77.uenicdn.com


Соңғы жаңалықтар