Айгүл Құспан: Жас әскери мамандар айлығының бәрін пәтерге төлеп жүр
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында әскерилердің зейнетақысын өсіруді ұсынды.
«Қорғанысқа қатысы бар саланың бәріне қаржы бөлу керек. Мысалы, қазір бір сержант 120 мың теңге жалақы алады. Ол қазір таксиге барса немесе дәнекерлеуші болып істесе, металлургия комбинатына барып жұмысқа орналасса, 500-600 мың теңге алады. Ал мысалы, Ұлттық ұланның балалары күнде көздері мөлдіреп жүреді. Олардың жалақысы өте төмен. Сол жалақыны баспана жалдауға береді. Өйткені үйлері жоқ. 3-4 жігіт бір бөлмеде тұрады. Олар қалай отбасы құрады, қалай бала туады? Сондықтан, біріншіден, жалақысын көтеру керек», — деді Айгүл Құспан.
Мәжіліс депутаты зейнетке шыққан әскерилердің де зейнетақысын өсіру керек деп есептейді.
«Жас балалар соларға қарап шешім қабылдайды ғой. „Мына шал кезінде полковник еді, қазір жағдайы қандай? Жоқ, мен әскери болмаймын“ деген ой түйеді. Олардың зейнетақысы өсуі керек», — деді депутат.