Депутат жеке сот орындаушылардың сыйақысын қысқартуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутат Снежанна Имашева жеке сот орындаушылардың қызметтері пайдаланылмаса, оларға сыйақы төлеу тетігін алып тастауды ұсынды.

Снежанна Имашева
Фото: parlam.kz

- Жеке сот орындаушыларының жұмысына төленетін сыйақы өндіріп алынған соманың 25%-нан 3%-на дейін барады. Егер борыш сомасы 60 АЕК-тен аз болса, сот орындаушысына 25% төленеді. Көбінесе бұл айыппұл, салық, шағын займ берешектері. Алайда, көптеген адамдар жеке сот орындаушыларының қызметтеріне ақы төлеу оларды орындау үшін қабылданған шараларға сәйкес келмейді деп санайды, - деді Снежанна Имашева.

Депутат осы тәртіпті қайта қарау керек деп есептейді.

- Әсіресе, бірінші талап түскенде-ақ өз міндеттемесін орындаған борышкерлердің наразылығын туғызып отыр. Атқарушылық құжат мәжбүрлеу шараларын қолданбай орындалса да, борышкер сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуге міндетті. Сот орындаушылардың қызметіне ақы төлеу жүйесі мәжбүрлеп орындау бойынша қабылданған іс-әрекеттерге ғана байланысты болуға тиіс. Жеке сот орындаушылардың қызметтері пайдаланылмаса, берешек иесін қызметке ақы төлеу шығыстарынан босату керек, - деді ол Үкімет сағатында.

Ал Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жеке сот орындаушылары алатын сыйақының ең жоғары шегін 25 пайыздан төмендетуге әлі ерте деген пайым айтты.

Осы жиында шағын несиесін өтемеген азаматтардың 2,5 млн құжаты жеке сот орындаушылардың қолында жүргені мәлім болды.

 

Соңғы жаңалықтар