Депутат жетім балаларды баспанамен қамтудың кешенді жоспарын әзірлеуді сұрады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гауһар Нұғманова жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің кешенді жоспарын әзірлеуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі кезде көптеген балалар үйлерінің түлектері баспанасыз жүр. 18 жастан асқан осы санаттағыларды жұмысқа орналастыру, оларды баспанамен қамту мәселесі қараусыз қалып отыр.
«Қараусыз қалу салдарынан олардың заң бұзуы немесе біреудің теріс әсеріне ұшырауының қаупі артады. Бүгінде депутаттар мен жергілікті атқарушы органдарға жетім балалардан көптеген хаттар мен өтініштер келіп түсіп жатыр. Балаларды қорғау үшін қажетті заңдар қабылданғанымен, іс жүзінде балалар үйінің түлектері баспанасыз қалып отыр», - деді депутат Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына жолдаған сауалында.
Осы орайда ол облыстар бойынша кейінгі 5 жыл ішіндегі балалар үйлері түлектерінің саны жөнінде, жалпы орта, кәсіптік орта білім және жоғары білім алғандар, сондай-ақ 2017 жылдан бері баспаналы болғандар туралы ақпарат беруді сұрады.
«18 жастан асқан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бірыңғай деректер базасын құру, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің кешенді жоспарын әзірлеу мәселесін қарастыруды сұраймыз», - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылдың 9 айында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 534 бала тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, тексеру кезінде жетім балаларды баспана кезегіне қою мерзімі сақталмағаны анықталды.