Депутат жолдағы апаттардың көбеюіне кінәлі мекемелерді тексеруді сұрады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерболат Саурықов елімізде жол-көлік оқиғаларының көбеюіне кінәлі мекемелерді тексеруді сұрады, деп хабарлайды Kazinform.

Ерболат Саурықов
Фото: www.parlam.kz

«Деректер бойынша 2023 жылдың он айында елімізде 11 мың 618 жол-көлік оқиғасы болды. Оның салдарынан 1942 адам көз жұмды. Соның арасында 246 кәмелетке толмаған жасөспірім жол үстінде жан тапсырған. Сонымен қатар, жараланған 14 мың 456 адам тіркелді. Осылардың ішінен қаншамасы мүгедек болды. Бұған байланысты бірнеше себепті атап өтпекпін. Солардың шешілу жолдарын Үкіметтен сұраймын және Бас прокуратура осы мәселелерге қатысы бар барлық мекеме мен жауапты тұлғалардың қызметін тексеруі қажет деп есептеймін», - деді Е. Саурықов өзінің депутаттық сауалында.

Бұл тұрғыда ол жүргізуші куәлігінің сатылуына қатысты жемқорлық проблемалары қашан шешілетінін сұрады.

«Біздегі техникалық тексеру орталықтарының басым бөлігінің берген сараптамалары жалған. Олардың қолына ақша қыстырсаң болғаны, қалаған құжатыңды аласың. Сондықтан да ескі машиналар техникалық жағынан сын көтермесе де, трассада жүр. бұдан басқа, оң рульді көліктердің көбеюі немесе оң рульді көлікпен адам тасымалдау бизнесінің артуы белең алып барады», - деді депутат.

Оның пайымынша, InDrive, Яндекс, сондай-ақ арнайы жарнамалау арқылы заңсыз адам, жүк таситын таксилердің көбеюі, қалааралық такси бизнесінің «көлеңкелі» экономиканы күшейтуіне қатысты мәселе шешілмей отыр.

«Ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артуы, оның салдарынан жолда дөңгелектерінің жарылуы, жүктерінің шашылуы немесе жол ережесін сақтамауы сияқты проблема бар. Мұнымен қоса, жол сапасына да ерекше тоқталу қажет. Облыстық маңыздағы және ауыл аралақ жолдар көп жерлерде сын көтермейді. Бұл да жол апатының бірден бір себебіне айналған», - деді Ерболат Саурықов.