Депутат: Жолдау елдегі қордаланған мәселелердің жүйелі шешілуіне оң әсер етеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Ғазиз Құлахметов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайдыҚазАқпарат тілшісі.
«Президент Жолдауда ұсынған реформаның негізгі мәні - билік пен халық арасында нақты нәтиже беріп, қордаланған мәселелердің жүйелі шешімін табуына арқау болатын, екіжақты тиімді диалог ұйымдастыру. Сондай-ақ, аймақтық, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының белсенділігін жетілдіру, азаматтық қоғам институттарының (саяси партиялар да) рөлін нығайтып, бұл жүйенің қалыптасуына кедергі келтіріп отырған әкімшілік ықпал, әсерді әлсірету болды. Көңілден шыққан тағы бір мәселе - Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелердің басшылығына тағайындалуына тыйым салынуы болды»,- деді Ғазиз Құлахметов.
Депутаттың айтуынша, аймақтық-әкімшілік реформа мемлекеттік басқару органдарын анағұрлым халыққа жақындатып, өңір-өлкенің кешенді дамуын (өндірістік, әлеуметтік, инфрақұрылымдық) қамтамасыз етуі тиіс.
«Президент саяси реформаларды кезең-кезеңімен және табанды түрде жүзеге асырып келеді. Жүйелі жұмыстың негізі де байқалады. Соңғы үш жыл бойы еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғырту қажеттілігі, әрбір азаматтың саяси сауаты мен саяси мәдениетін қалыптастырудан тыс, меңгеру деңгейіннің сапасы да маңызды екенін айтып жүр. Себебі, саяси реформаның экономикалық реформалармен қатар жүруі өзекті. Табысты экономикалық өсім саяси жүйенің икемділігіне де байланысты. Ал саяси жүйенің негізгі формуласы: Мықты президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет. Бұл қағиданы өмірге айналдырсақ қана, қоғамның ашықтығы, саяси бастамалардың жариялылығынан үлкен қайыр бар. Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өміршеңдігі де жұрт үшін маңызды»,- деді халық қалаулысы Ғазиз Құлахметов.
Президенттің бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты айтқан екі мәселе болды. Біріншісі-сыртқы саясат.
Яғни, Қазақстанның ішкі ақпарат кеңістігін отандық контентпен толтыру мүмкіндігін қамтамасыз ету, ел тыңдайтындай, қызықтыратын дүниелерді жасау.
Сосын ішкі мәселе - негізінен журналистердің кәсіби біліктілігіне қатысты.
«Менің ойымша мемлекеттік тапсырыс деген дүниеге жұмсалатын қаржы көлемін азайту керек. Тікелей мемлекеттік арналарға немесе ұйымдарға беруден гөрі, журналистердің, адами капиталдың сапасына, кәсіби біліктілігіне көбірек назар аударған дұрыс. Сол бағытта Президент реформаларының бағыты да осы бағытта жүреді деп ойлаймыз»,-дейді халық қалаулысы.